Торайғыров университетінің мерейтойына арналған салтанатты жиын жоғары оқу орнының ардагерлері мен түлектерін, студенттері мен қызметкерлерін, сондай-ақ серіктес кәсіпорындардың өкілдерін ортақ қуанышта басын қосты.



Олардың қатарында Павлодар облысының әкімі, университеттің түлегі Асайын Байханов, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, сондай-ақ Торайғыров университетінің Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Өтешев болды.



Қонақтар шетелдік студенттер мен оқытушылармен кездесіп, оқу орнының заманауи цифрлық экожүйесімен танысты. Сонымен қатар оларға университет ғалымдары мен студенттері әзірлеген ғылыми жобалар мен жасанды интеллект бағытындағы жаңалықтар ұсынылды.



Бүгінгі таңда ToU-дың 10 мыңнан астам студенті AI-SANA бағдарламасы аясында жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын меңгеріп, заманауи білім кеңістігінде бәсекеге қабілеттілігін арттыруда.



Университеттің Мансап орталығында өңір басшысына оқу орны мен Павлодар облысындағы 256 кәсіпорын және компания арасындағы серіктестік туралы ақпарат ұсынылды. ToU қазіргі таңда жергілікті басқару органдары мен ірі бизнес құрылымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға белсене атсалысып келеді. Білім беру бағдарламалары аясында студенттер қосымша микробіліктіліктерді игеру мүмкіндігіне ие. Соңғы екі жылда бұл бағдарлама бойынша 40-тан астам студент өз кәсіби біліктілігін дәлелдеді.



Іс-шара барысында Асайын Байханов университеттің белсенді жастар ұйымдарының өкілдерімен де кездесті. Аймақ басшысы олардың қоғамдық жұмыс пен оқуды қатар алып жүру тәжірибесіне жоғары баға берді.


Мерекелік концерт барысында облыс әкімі ToU-дың әрдайым Павлодар өңірі мен бүкіл Қазақстан үшін білікті кадрлар даярлайтын маңызды орталық болғанын атап өтіп, университетке жасанды интеллект зертханасын жабдықтауға 10 миллион теңге көлеміндегі сертификат табыстады.



– Университеттің 65 жылдық тарихында ондаған мың жоғары білімді маман дайындалып шықты. Бүгінде түлектердің 93%-ы өз мамандықтары бойынша еліміздің экономикасының түрлі салаларында табысты еңбек етуде. Бұл – кадрлар даярлау сапасының, білім беру бағдарламаларының тиімділігінің нақты дәлелі. Біз ToU-дың жетістіктерін, студенттері мен түлектерінің табыстарын мақтан тұтамыз, – деді Асайын Байханов өз құттықтау сөзінде.



Мерейтой аясында университеттің бірқатар қызметкерлері жоғары марапаттарға ие болды. Павлодар облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен университеттің 15 оқытушысы мен қызметкері марапатталды. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан құрылымдық марапаттарды әріптестеріне Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан салтанатты түрде табыстады.
ЖОО-ның дамуына елеулі үлес қосқан ардагер ұстаздар мен серіктес кәсіпорын басшыларына мерейтойлық медальдар берілді. Марапаттарды Торайғыров университетінің Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Өтешев пен университет ректоры Нұрлан Медетов табыстады.