Екібастұз қаласында «Қазақстан мен шекаралас мемлекеттерде жылқы шаруашылығын дамытудың перспективалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараны Торайғыров университеті мен Павлодар облысы жылқы шаруашылығы қауымдастығы ұйымдастырды.
Диалог алаңын Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов ашты. Ол жылқы өсіру саласының өңір мен елдің аграрлық секторындағы маңызын атап өтті. Торайғыров университетінің ректоры Нұрлан Медетов өз сөзінде университеттің отандық жылқы шаруашылығын дамытуға бағытталған ғылыми-селекциялық және өндірістік жұмыстарды белсенді түрде қолдап келе жатқанын айтты.
Конференцияға Қазақстан, Англия, Моңғолия, Ресей және басқа да елдерден келген 100-ден астам жетекші ғалымдар, зоотехниктер мен салалық мамандар жиналды. Олардың қатарында Лондондағы Корольдік ветеринарлық колледждің профессоры Денис Ларкин, Моңғолия жаратылыстану университетінің профессоры Сайполда Тохторбай, белгілі қазақстандық академиктер Дастанбек Баймұқанов пен Нәбидолла Кикебаев, Жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу институтының басшысы Әлібек Базарғалиев, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры Қайрат Исхан, Жәңгір хан университетінің биология ғылымдарының докторы Индира Бейшова және басқа да мамандар бар.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекеннің қолдауымен «Анара» шаруа қожалығы базасында жоғары өнімді асылтұқымды жылқылар көрмесі ұйымдастырылды. Онда жабе, мұғалжар және жаңа алтай типіндегі қазақ жылқысы тұқымдарының үздік өкілдері көрсетілді. Көрме қатысушыларының назарын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетовтің азық-түлік қауіпсіздігі мен ішкі және сыртқы нарықта жылқы етіне деген сұранысты кеңейтудің маңыздылығына арналған баяндамасы аудартты.
Конференция ғылыми жетістіктер мен тәжірибемен алмасуға арналған маңызды алаңға айналды. Сарапшылар селекция, генетикалық зерттеулер, саланы цифрландыру және жайылымдарды тиімді пайдалану мәселелерін талқылады.
Іс-шара қорытындысы бойынша саланы дамытуға елеулі үлес қосқан ғалымдар мен жылқы өсірушілер марапатталды. Қатысушыларға Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, облыстық мәслихаттың Алғыс хаттары, «Торайғыров университеті» медальдары, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының I, II және III дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгілері, «Ауыл» партиясының Құрмет грамоталары және Павлодар облысы жылқы өсірушілер қауымдастығының марапаттары табысталды.