ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова Торайғыров университетінің білім алушылары, ғалымдары және Павлодар облысы халқымен кездесу өткізді.
Вице-министрге бірден 20 түрлі жоба, оның ішінде жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы жобалар таныстырылды. Олардың арасында құжаттарға мониторинг жүргізетін ЖИ-агент және талапкерлерді қабылдау процесін оңтайландыратын ToU Document жүйесі бар. Сондай-ақ вице-министрге ғылыми мақалаларды талдауға арналған AI Scientometer платформасы, өзіндік дайындыққа арналған Tests Platform, Medical Assistance Telegram-боты және IT саласындағы кәсіптік бағдар беруге арналған интерактивті ЖИ-ойыны ұсынылды.
Ерекше атап өтер және қатысушылардың назарын аудартқан ToU студенттері ЖИ көмегімен жаңалықтар жасау үшін әзірлеген Neuro News жобасы болды. Бұл жоба Meta LLaMA Accelerator Kazakhstan бағдарламасының жеңімпазы атанған және оған дауыстық көмекші, дыбыстау және дальтонизмге шалдыққан адамдарға арналған контрастты өзгерту сияқты инклюзивті функциялар енгізілген. Жоба авторларына ЖОО атынан 450 мың теңгеге сертификат табыс етілді.
Келесі кезекте вице-министр Динара Щеглова Павлодар облысының халқымен кездесу өткізді. Кездесу аясында ғылым және жоғары білім саласындағы соңғы үрдістер туралы хабарлап, білім беру процесіне жасанды интеллектіні енгізудің маңыздылығын атап өтті. Вице-министр AI-SANA республикалық жобасына назар аудартып, оның арқасында 650 мың студентті ЖИ-мен жұмыс істеу дағдыларына үйрету көзделгендігінің атап өтті. 100 мың студент шетелдік мамандардың қатысуымен арнайы оқу бағдарламасынан өтеді. 2026 жылдың соңында бұл жұмыстың нәтижесінде акселерацияға арналған 1,5 мыңға жуық жоба пайда болуы тиіс.
Сондай-ақ, Динара Щеглова ToU зертханалары жұмысымен танысты. Оларда ауыл шаруашылығы, агроэкология, химия, физика және басқа да бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. ЖОО ғалымдары экономиканың нақты секторы өкілдерімен бірге жұмыс істеп, өздерінің ғылыми қызметін коммерцияландыруда.