Торайғыров университетінде Германияның Қазақстандағы Елшілігі миссиясы басшысының орынбасары Ульрих Кинне студенттермен кездесу өткізді, сонымен бірге экобақты көріп, университет аумағына ағаш отырғызу шарасына қатысты.



Сапар аясында Германия дипломатиялық миссиясының өкілі «Eurasian Climate Talks» жазғы мектебінде дәріс оқыды. Ульрих Кинне ToU студенттері және оқытушыларымен бірге Қазақстандағы өзекті экологиялық мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады.



Қонаққа Торайғыров университетінің тарихы мен жетістіктері туралы ректор Нұрлан Медетов баяндады. Ол бүгінде ToU-да 198 білім беру бағдарламасы бойынша 9 мың білім алушы оқып жатқанын атап өтті. Ректор «EcoGarden – Әлем дауысы» жобасына қолдау көрсеткені үшін дипломатиялық миссияға алғыс айтып, Германия елшілігімен ынтымақтастықтың жалғасуына үмітін білдірді.



-⁠ ⁠Қазіргі уақытта біздің университет аумағын көгалдандыру және оқытушылар мен студенттерге, сондай-ақ жалпы қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау жоспарымыз бар, – деді ректор өз сөзіңде. – Біз ToU-дың негізгі аумақтарының айналасына суару жүйесін орнатуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, «GreenMetric» – университеттердің экологиялық тұрақтылығы мен экологиялық дамуын бағалайтын халықаралық рейтингке қатысуды мақсат етудеміз.



ToU-дың 65 жылдығына орай университет ғимаратында экобақ ашылды. Бұл кеңістік демалыс, өзіндік дайындық пен кітап оқуға арналған аймақ болмақ.



Ульрих Кинне шетелдік студенттер және ToU оқытушыларымен бірге университет аумағында ағаш көшеттерін отырғызуға қатысты. Бұл акция университет болашағына қамқорлық пен тұрақты дамуға деген ұмтылыстың көрінісі болды.