Торайғыров университетінің IT-мектебінің бірінші курс студенттеріне арнайы тақырыптық воркшоп ұйымдастырды.



Мастер-класс Қазақстандағы Жасанды интеллект апталығы аясында өтті. Студенттерге арнайы даярланған курс «Болашақ дағдылары: жасанды интеллект дәуіріндегі цифрлық сауаттылық» деп аталды. Воркшоп барысында бірінші курс студенттеріне заманауи ЖИ құралдарын қалай қауіпсіз әрі тиімді пайдалану керектігі түсіндіріліп, нейрожелілермен жұмыс бойынша тәжірбелік тапсырмалар берілді.



– Біз жасанды интеллект алыс болашақтың емес, бүгінгі күннің негізгі дағдысына айналған дәуірде өмір сүріп жатырмыз, – дейді ToU IT-мектебінің директоры Айман Шаклеина. – Студенттеріміз қандай мамандықта оқыса да, жасанды интеллектті негізгі кәсібіндей еркін игеруі қажет. Біз жасанды интеллектті тек тұтынатына алатын ұрпақ емес, оның көмегімен құндылықтар қалыптастыра алатын буынды тәрбиелеуіміз қажет. Бұл олардың жеке бәсекеге қабілеттілігінен бөлек, жалпы Қазақстанның цифрлық егемендігі үшін де аса маңызды. ЖИ-ті меңгеру – ерте ме, кеш пе жемісін беретін болашаққа салынған инвестиция.



Торайғыров университетінде жасанды интеллектке қатысты бағыттар белсенді дамып келеді. Сонымен бірге академиялық адалдыққа ерекше мән берілуде. Бұл студенттердің сыни ойлау қабілетін және өздігінен білім алу дағдыларын жоғалтпауы үшін қажет. Жасанды интеллектті пайдалану жеке интеллект пен еңбекті алмастырудың жолы емес, дамуға арналған тиімді құралы бола білуі тиіс.