Торайғыров университетінде күміс жастағы қала тұрғындары білім алып, белсенді өмір салтын ұстану мүмкіндігіне ие бола алады.



Қарттар күніне орай университет белсенді дамуды қалайтын павлодарлықтарды құшақ жая қарсы алды. Қазан айынан бастап ToU-да «Күміс университет» жобасы аясында арнайы курстар басталады. Күміс буын өкілдері қазақ және ағылшын тілдерін, цифрлық сауаттылықты, домбыра тартуды және волейбол ойнауды үйренетін болады.



Курс тындаушыларын университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ренат Нұрғожин құттықтап, университеттің қоғамға қызмет ету міндеті аясындағы жобаларға тоқталды. Проректор Торайғыров университетінің есігі оқуға және дамуға ынталы жандарға әрдайым ашық екенін атап өтіп, «Күміс университет» курстарының тыңдаушыларына сәттілік тіледі. Болашақта күміс жастағы азаматтар өздері де оқу курстарының бағыттарын ұсына алатын болады.