Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің бірінші хатшысы Элиас Оппенридер арнайы іссапар аясында Торайғыров университетіне келді. Сапар барысында университет бойынша экскурсия ұйымдастырылып, студенттермен кездесу өтті.
Қонаққа археологиялық мұражай мен университет кітапханасы таныстырылып, ауыл шаруашылығы факультетінің Duela Nienberg бағдарламасы бойынша Германияда білім алатын студенттер оқитын зертханалары көрсетілді.
Коворкинг орталығында Элиас Оппенридерді университеттің басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ренат Нұрғожин қарсы алды. Халықаралық байланыстар бөлімінің директоры Бибігүл Ақшулакова Торайғыров университетінің шетелдік жоғары оқу орындары және ғылыми институттармен орнатқан әріптестік байланыстары туралы баяндап берді. Бүгінгі таңда университет бірден алты неміс университетімен «Болашақ», Erasmus+, Logo e.V., SES, DAAD және Duela Nienberg секілді халықаралық бағдарламалар аясында тығыз ынтымақтастық орнатқан.
Кездесу барысында Германияда тағылымдамадан өткен студенттер мен оқытушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, халықаралық білім алмасу мүмкіндіктеріне жол ашқан университет басшылығына және серіктестерге алғыстарын білдірді.
Айта кетер жайт, Элиас Оппенридердің өзі де Erasmus+ бағдарламасы бойынша Польшада білім алған. Сол себепті ол Торайғыров университеті студенттерін шетелде білім алу мен тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырды.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер Германияда аудармашы мамандығына сұраныс, докторантураға түсу тәртібі, постдокторантура мүмкіндіктері мен театр және аспаптық өнер салалары бойынша білім алу талаптары жөнінде сұрақтар қойды.