Келісім алаңында Қазақстан мен Германия жоғары оқу орындарының консорциумын құру туралы құжатқа қол қойылды.



«Ғылым және білім: Қазақстан мен Германияның әріптестігі» атты келіссөз алаңы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өтті. Қонақтарды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен, Қазақстан-Неміс университетінің президенті Волрад Роммель мен Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы қарсы алды.



Торайғыров университеті атынан шараға академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ренат Нұрғожин мен International Office маманы Адинай Дулатова қатысты.



Кездесу барысында Қазақстан мен Германияның жеті университетінің консорциумын құру туралы келісімге қол қойылды. Бұл әріптестік тау-кен ісі, энергетика, геология және экологиялық технологиялар салаларындағы бірлескен зерттеулер үшін маңызды платформа болмақ. Ренат Нұрғожин қатысушыларды құттықтап, мұндай ынтымақтастық академиялық және ғылыми өзара әрекеттестіктің жаңа көкжиектерін ашатынын атап өтті. Сонымен қатар, Торайғыров университетінің проректоры тұрақты даму бойынша Александр Гумбольдт атындағы пәнаралық орталықтың ашылуына қатысты.