Торайғыров университетінде жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиын өтті.

 

Бас ғимарат алдындағы алаңға бірінші курс студенттері мен оқытушылар жиналды. Студенттерге оқу орны басшылығы атынан құттықтаулар айтылып, ректор Нұрлан Медетов жастарға ізгі тілектерін білдірді.

 

- Биыл біздің университетке бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша 3 мыңнан астам жаңа білім алушылар қосылды. Бүгін сіздерді Торайғыров университетінің үлкен отбасысының мүшесі ретінде қарсы алып жатқаныма өте қуаныштымын. Студенттік өмір - тек дәрістер мен емтихандар ғана емес, бұл - жаңа достар табатын, өзіңді дамытатын және жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын ерекше кезең. Біз өз тарапымыздан сіздерге сапалы білім беруге дайынбыз, бірақ ең бастысы - сіздердің ниеттеріңіз бен еңбектеріңіз, - деді ректор.

 

Салтанатты жиын кезінде Нұрлан Медетов Түркістандағы XIII жазғы Универсиадада университет намысын қорғап, жүлделі орын алған студенттерге ақшалай сертификаттар табыстады. Олар – Вадим Багров, Асылбек Тілеужан, Арина Загозина және Тамирис Нұрбаева. Кейін барлық студенттер алғашқы сабақтарына аттанды.