Мойылды қонысында Баянауыл ауданының тұрғындары мен қонақтары  Жаяу Мұсаның 190 жылдығын, журналист Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығын, жазушы Қалмұқан Исабайдың және белгілі кино қайраткері Қуат Әбусейітовтің 100 жылдық мерейтойын атап өтті.

 

Қазақ халқының ұлы перзенттеріне құрмет ретінде Баянауылдың іргесінде нағыз киіз үйлер қалашығы бой көтерді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтарды жүзден астам киіз үй күтіп алды. Солардың екеуін Торайғыров университетінің қызметкерлері орнатып, бірінде мерейтой иелеріне арналған арнайы көрме ұйымдастырды.

 

Мерекелік бағдарламада ұлттық спорт түрлерінен — көкпар мен бәйгеден жарыстар өткізілді. Сондай-ақ Павлодар облысының ондаған қолөнершілері қолданбалы өнер туындыларын ұсынды.

Киіз үйлер қалашығының басты сахнасында мерекелік концерт өтті. Сегіз айтыскер «Үш дәуірдің айтысы» аламанында өнер көрсетіп, одан кейін көрермен алдында «МузАрт» тобы өз әндерін орындады. Мойылды қонысындағы бұл шара ұлтымыздың бай мәдени мұрасын бағалау мен насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды.