Философия ғылымдарының кандидаты Амантай Құдабаев «Ақ сиса» атты еңбегін ұлы қазақ композиторының туған жері – Баянауылда өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда таныстырды.

 

Басқосу еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар, жазушылар, мәдениет қызметкерлері мен шығармашылық зиялы қауым өкілдерін біріктірді. Конференцияға белсенді қатысқан Торайғыров университетінің делегациясын академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ренат Нұрғожин бастап барды. Диалог алаңында Жаяу Мұса феномені мен оның шығармашылық мұрасын қазіргі жастар арасында насихаттау жолдары талқыланды.

 

Ақынның мерейтойына орай ToU профессоры Амантай Құдабаев өз тартуын жасады. Ол қазақтың ұлы композиторының өмірі мен шығармашылығына қатысты өз зерттеулеріне негізделген еңбегін таныстырды. Бұл туындысында ғалым Жаяу Мұса тұлғасын жаңа қырынан ашып көрсетуге және оның Қазақстан тарихындағы орнын айқындауға тырысқан. Кітап ақынның ең танымал шығармаларының бірі — «Ақ сиса» атауымен жарық көрді.