Ұстаздық - жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Республика көлемінде өткен «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осылай атап өтті. Бұл сөздер ұстаз еңбегінің мәнін де, маңызын да айқын жеткізеді. Бүгінгі кездесуге қатысқан жоғары оқу орындарының өкілдері де мектеп пен колледж қабырғасында қаланған білім мен тәрбиенің маңыздылығын ерекше бағалауда.
Мұғалім – тек оқулықтағы білімді жеткізуші ғана емес. Ол – оқушы бойындағы қызығушылықты оятып, сыни ойлауға баулып, жаңа дүниені зерттеуге ынталандыратын тұлға. Егер ұстаз сол «ұшқынды» жаға білсе, жоғары оқу орындарына ізденімпаз, ойлай алатын, талдай білетін және қиындықтан қорықпайтын жастар келеді. Мұндай студентке «неге білім керек» деп түсіндірудің қажеті жоқ – ол білімді өзі іздеп табады.
Сондықтан мектеп, колледж және университет арасындағы байланыс ешқашан үзіліп қалмауға тиіс. Мектептегі сапалы білім – жоғары оқу орындарының да, ел болашағының да мықтылығының кепілі. Бүгінгі жиын тағы да бір нәрсені еске салады: елдің болашағы әрбір мұғалімнің еңбегінен басталады. Себебі ұстаздар ертеңгі ұрпақты тәрбиелейді, бұл – хақ.
Торайғыров университеті өңірдегі мектеп және колледждермен тығыз жұмыс атқарып келеді. Әріптестеріміз жастарға болашақ мамандығын таңдауға бағдар береді, ғылымға қызығушылығын арттыру үшін жетекшілік жасайды. Біз мықты техникалық университет – сапалы мектеп пен колледж арқасында ғана қалыптасатынына сенеміз.
Осы бағытта университетте магистратура және докторантура бағдарламалары аясында білім саласына қажетті кадрларды даярлауға, орта білімдегі өзекті мәселелерді зерттеуге өз үлесімізді қосудамыз. Сонымен қатар, біздің оқытушылар әзірлеген біліктілікті арттыру курстары ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Реестріне енгізілген. Мектеп, колледж және университет арасында тиімді байланыс орнату, білім сапасын көтеруге ықпалдасу біздің міндетіміз деп білеміз.