Торайғыров университетінің студенттік жатақханалары мен қабылдау комиссиясының жұмысына жалпыреспубликалық тексеріс аясында арнайы мониторинг өтті.

Университет кампустарының дайындық деңгейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің штаттан тыс кеңесшісі Тоқтар Болысов, «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының төрайымы Ақерке Искандерова, «Ауыл» партиясы жанындағы «Ауыл жастары» жастар қанатының жетекшісі Дәурен Рахымбек, «Respublika» партиясының жастар қанатының жетекшісі Азат Теңгебаев және Павлодар облысының студенттік омбудсмені Дәурен Шәріпов тексерді.


Комиссия мүшелері жатақханалардың жағдайын, тұрмыстық және санитарлық талаптарға сәйкестігін, бірінші курс студенттерін қабылдауға дайындығын, сондай-ақ қабылдау комиссиясының студенттерді тіркеу кезеңіндегі жұмысын қадағалады.

Айта кетер жайт, бүгінде барлық жоғары оқу орындарында студенттерді орналастыру бойынша ахуалдық орталықтар мен арнайы штабтар жұмыс істейді. Бірінші курс студенттеріне құжаттарды әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда жарияланған алгоритмге сәйкес тапсыруға немесе университеттің call-центріне жүгінуге ұсыныс жасалады.