Торайғыров университетінде «Қорғау 2025» республикалық бастамасы аясында оқу-жаттығу жұмыстары өтті.

ToU-дың бас ғимараты ірі төтенше жағдайлар туындаған жағдайда эвакуациялық жинақтау пункттері тізіміне енгізілген. 7 тамыз күні жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтері университет ғимаратында жаттығулар өткізіп, іс-қимыл алгоритмімен таныстырды. Мамандар халықты жаттықтыру мақсатында тіркеуден өткізу, дәрігерлік тексеру, жеке қорғану құралдарын тарату және уақытша орналастыру орнына апаратын автобустарға отырғызу іс-шараларын жүргізді.

Мұндай жаттығулар барлық қызметтердің үйлесімді жұмысын пысықтауға қажет. Олар логистика мен байланыстағы әлсіз тұстарды анықтауға мүмкіндік береді, осылайша шынайы жағдайда жауапты тұлғалар кешіктірмей, барынша тиімді әрекет ете алады. Сонымен қатар, бұл жаттығулар халықты төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге, алгоритмді меңгеруге және үрейге берілмей әрекет етуге дайындайды.