Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі гуманитарлық, әлеуметтік және экономикалық бағыттар бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларға грант иегерлерінің есімдерін жариялады.

 

Бұған дейін Торайғыров университетінің ғалымдары әзірлеген жобаларға 880 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінгені хабарланған еді. Бүгін бұл тізімге университеттің тағы төрт өкілі қосылды. Үш бірдей жоба Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінде жүзеге асырылатын болады:

 

А.Х. Марғұлан атындағы Біріккен археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Илья Мерц — «Қазақстандық Ертіс өңірінің кейінгі қола дәуірі» жобасы;
«Филология және журналистика» кафедрасының профессоры Мухаббат Баратова — «Мәшһүр Жүсіп және рухани құндылықтар» жобасы;

Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Салтанат Әубәкірова — «Қазақстандағы әлеуметтік-мәдени өзгерістер жағдайындағы білім философиясы: мәселелер мен шешу жолдары» жобасы.

Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруын Экономика және құқық факультетінің бір жобасы иеленді:

 

«Экономика» кафедрасының профессоры Тахир Эрназаров — «ESG-құзыреттілігі бар кадрларды даярлау және қайта даярлау арқылы отандық өнеркәсіптік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі мен инвестициялық тартымдылығын арттыру» жобасы.
ToU ғалымдарын шын жүректен құттықтаймыз және ғылыми ізденістерінде табыс тілейміз!