Ғалымдар, фермерлер мен салалық ведомстволардың жетекшілері аймақтың ауыл шаруашылығы саласының жағдайын талқылады.

Күн тәртібінде: мал азығы, малдарды азықпен қамту, жеміс-жидек өсіру, картоптың бастапқы тұқым шаруашылығы және тағы басқалар.

Профессор Ұлан Әлмішев Қазақстандағы жидек түрлерін өсіру перспективалары туралы ой өрбітті. Сарапшының айтуынша, жидек өсірілетін жекеменшік бақшалардың аумағын көбейтіп, жидектердің түрлері мен сұрыптарын ұлғайту керек. Себебі, дұрыс агротехнологияның тиімділігі жоғары.

Профессор Ирина Аникина картоптың сапасы түрлі аурулар салдарынан 25-30 %-ға дейін төмендейтінін жеткізді. Ғалымдар әзірлеген картоптың вирустық ауруларының диагностикасы көкөністі сақтау барысында жағдайды жақсартып, өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің деканы Тоқтар Бексейітовтың айтуынша, факультет ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өндіру салаларына қажет мамандарды даярлайды, фермерлердің біліктілігін арттырады және саланы дамыту бағытында ғылыми қолдау көрсетеді. Мал шаруашылығының қалдықтарын биогумуске айналдыру технологиясын дамыту, сүтті сиырларды өсіру мәселелері қаралады.