Торайғыров университетінің 60 жылдығына орай музей кешенінің мамандары «Ты помнишь, как все начиналось?» атты фотокөрме ұйымдастырды.

Студенттік филармонияның фойесінде өтіп жатқан шараға 70-тен астам фото қойылды.

Фотосуреттер оқу орнының 60-шы жылдардан бастау алған тарихынан сыр шертеді. Олардың қатарында студенттік құрылыс отрядтары, ғылыми конференциялар, эстрадалық оркестр, корпустардың құрылысы... Көрмеде осы тарихи сәттер көрініс тапқан. Фотолардың басым бөлігін музей қорына ардагерлер табыстаған. Кейбіреулері қорда сақтаулы болған. Көрмеге сол дәуірдегі фотоаппараттар, студенттердің конспектілері мен дипломдық жұмыстары, сызбалары мен сия жиынтықтары, комсомолдық белгілер,  құрылыс отрядтарының алғашқы костюмдері және өзге де раритетті жәдігерлер қойылды. 

- 15 жыл бұрын археологиялық музейде фотолар салынған чемодан табылды. Университеттің 60 жылдығына орай маңызды деген суреттерді тауып, сканерден өткіздік. Суреттер оқу орнының тарихи кезеңдерін көрсетеді. Жылдар өткен сайын олардың маңызы арта түспек, - дейді музей кешенінің экскурсия жүргізушісі Бұлбұл Асаева.

Ескі чемоданда екі оқу орнының ортақ тарихын паш ететін суреттер сақталған.

«Оқу орнымыздың тарихында екі ірі университеттің біріккен кезеңінің болғаны белгілі. Яғни, индустриалды және педагогикалық университет қосылды. Біз көрмені ұйымдастыру арқылы сол кезеңдерді еске алуды көздедік», - дейді Бұлбұл Асаева

Мамандардың айтуынша, карантинге байланысты көрменің ресми ашылуы болмайды. Бірақ, шараны тамашалауға жол ашық.