ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Павлодар облысына сапары аясында Toraighyrov University-де болды, онда «Жасыл ел» республикалық қозғалысының XV еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті.

Естеріңізге сала кетейік, жастар бағдарламасын құру Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы болатын.

Қазақстан жастар конгресі кеңесінің төрағасы Д. Назарбаева өз сөзінде «Жасыл ел» – талантты және қамқор адамдарды біріктіретін, сәттілікке жетелейтін жақсы бастапқы алаң екенін атап өтті.

«Мен сіздердің жасап жатқан істеріңізге үлкен таңданыспен қараймын. Бүгінде бүкіл еліміз бойынша қанша жас ағаштар отырғызылды? Ең жарқын мысал – бүгінгі күні үлкен орманға айналған елордамыздың айналасындағы жасыл белдеу. Әлемде жүздеген мың гектар аумақта қолдан жасалған орман отырғызылғандығы туралы мұндай мысалды бұрын-соңды кездестірмедім. Жасыл белдеудің арқасында қаладағы климат өзгеріп, айналадағы табиғат жанданды. Орманшылар мен қорықшылар өздерінің жұмыстарының көбейгендігін айтады. Осының бәрін біз қолымызбен жасадық», - деді Д. Назарбаева.

Жастарды құттықтауға және «JASYL EL AWARDS» жеңімпаздарын анықтауға Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабының жетекшісі Азамат Данияр және т.б. келді.

Кездесу соңында Дариға Назарбаева университет аумағында Сара Назарбаева 2001 жылы отырғызған 18 жасар ағаштың қасына шырша отырғызды және еліміздегі ең әдемі ғимараттардың бірі – Қазақстан Парламенті Сенатының макетін сыйға тартты.

Торайғыров университетіне сапарынан естелік ретінде жоғары мәртебелі қонаққа шарж сыйланды.