С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің агротехнологиялық факультетінің студенттері «DEULA-Nienburg» ауылшаруашылық Академиясының оқу орталығында (Германия) тағылымдамдан өтуде.

Павлодар облысы мен Германияның «DEULA-Nienburg»  оқу орталығының  арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумында Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері және Қазақстан мен Германияның аграрлық саласының мамандары арасындағы тәжірибе алмасудың маңыздылығы айқын көрсетілген. Бұл келісім Академия директоры Берндт Антельманның 2013 жылғы ақпан айында Павлодар облысына келген алғашқы сапарында жасалған болатын. 

Тағлымдама барысында С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері Германияның ауылшаруашылық кәсіпорындары мен фермерлік шаруашылықтарымен танысты.

Агротехнологиялық факультеттің деканы, профессор Т.К. Бексейітовтың айтуынша, университет оқу орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келеді, және де жыл сайын ПМУ студенттері заманауи агрокәсіпкерлікті жүргізудің соңғы үлгідегі технологияларын, жаңа ауылшаруашылық техникаларын игеруде. 

Ғасырдан аса тарихы мен мол тәжірибесі бар Гамбург маңындағы фермада тағлымдамадан өтіп жатқан студент Ұлан Тілеубеков өзге елден алған білімі мен білігі туралы баяндап берді.  – Өзім қала тұрғыны болсам да, бұл тағлымдамадан көп білім жинақтадым. Ауылшаруашылық техникаларының жаңа үлгілерін меңгеріп, жер игеру мен алуан түрлі дақылдарды өсіру әдістеріне қанық болдым, – дейді Ұлан. – Мен германиялық ферма қожайындарының шексіз еңбекқорлығына дән риза болдым. Сондай-ақ, тағлымдама неміс тілі бойынша білімімді тереңдетуге және Еуропаның көне сәулетімен танысуыма зор мүмкіндік берді. Ерекше атап өтерлігі, Германияның фермерлері өздерінің көп ғасырлы дәстүрлерінен тамыр алған, ғылым мен технологиялық инновациялардың жетістіктерін ұштастыра білген кәсіптерін мақтан етеді.