«Қазақстан – 2050» Стратегиясының негізгі басымдықтарына сай Қазақстан Республикасы алдында әлемнің дамыған 30 мемлекеттері қатарына кіру межесі тұр. Жаһанның дамыған елдері тізімінен орын алу үшін білікті мамандар даярлау мәселесі мемлекеттің басты назарына ілінді. Бұл мәселенің бір ұшын «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасы арқылы шешу көзделуде. Айтулы жоба Елбасының қолдауымен пилотты түрде өз жұмысын бастап кетті.  

«Серпін - 2050» – «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» бағдарламасы аясында кадр тапшылығын жою және жастарды жұмыспен қамту мақсатында тікелей мемлекет тапсырысы бойынша жүзеге асып жатқан әлеуметтік жоба. 

Бұл жобаның нысанасы – еліміздің оңтүстік аймақтарының талапкерлерін солтүстік өңірлерінің жоғары және кәсіптік орта оқу орындарында білім алу үшін бағыттау. Демек, жоба бойынша Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының мектеп түлектері Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарының оқу орындарына оқуға түсе алады.

Жобаның алғаш тұсауы кесілген 2014-2015 оқу жылында өз атауына сәйкестендіріп, талапкерлерге 2050 грантты тағайындады. 2015-2016 оқу жылында грант саны 6200-ге өсті. 

Айтулы бағдарлама жыл сайын еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес толықтырылып отырады. Мәселен, былтырғы жылы педагогикалық мамандықтарға баса назар аударса, келесі оқу жылында техникалық мамандықтарға басымдық берілді. «Серпін-2050» бағдарламасы республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбеновтің айтуынша, ендігі оқу жылында «Серпін-2050» жобасының кәсіптері қатарына медециналық мамандықтар қосылады. 

Биылғы оқу жылында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде еліміздің оңтүстік аймақтарынан келген 300 «Серпін-2050» бағдарламасының грант иегерлері білім алуда. Аталмыш бағдарлама техникалық мамандықтарға баса ден қойғандықтан, Павлодар мемлекеттік университетінде оқып жүрген «серпіндіктер» техникалық мамандықтарды игеруде. 

ЭКОНОМИКАЛЫҚ СЕБЕП

Еліміздің экономикасын өркендету мақсатында солтүстік аймақтарда өндіріс орындары, кәсіпорындар көптеп ашылуда. Сол себепті, ірі зауыттар мен кәсіпорындары бар, сол өндіріс орындарын кадрмен қамтамасыз ететін оқу орындары бар аймақтарда білім алу неғұрлым тиімдірек екені жобада ескерілген. 

Ал Павлодар облысы Қазақстанның қуатты индустриялық орталығы саналады. Мұндағы оқу орындар еңбек нарығының қажеттілігіне сай мамандар дайындап, студенттерінің білімдерін тәжірбиелік жағынан ұштау үшін кәсіпорындарда дағдылануына ықпал етеді. Осылайша, С. Торайғыров атындағы ПМУ кәсіпорындармен өзара серіктестік ынтымақтастықта бірлесе ел игілігіне еңбек етуде. Жобаны жасаушылар болашақ мамандардың сапасына осы сынды экономикалық салдардың тікелей әсер ететінін дөп байқаған. 

Соңғы мәліметке сәйкес, Қазақстан халқы 17 млн. 600 мыңды еңсеріпті. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, олардың 8,6 млн-ы ғана еңбекке қабілетті азаматтар. Сол жұмысқа қабілетті азаматтардың көбісі оңтүстік өңірлерге тиесілі екені тағы белгілі. Сондықтан, бұл жоба елдегі еңбек нарығындағы теңдікті қамтамасыз ету мақсатында халқы қалың өңірлердегі жұмыссыздық мәсеселесін шешуге және тұрғын саны аз бірқатар аймақтарда демографиялық өсім көрсеткішінің артыуына ықпал етуге өз септігін тигізеді.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛДАР

Жобаның үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбеновтің мәлімдеуінше, бұл бағдарлама бірқатар әлеуметтік мәселенің түйінін шешуге себепші болады. Тарқатып көрелік, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың былтырғы мәліметі бойынша 2050 жылға қарай еліміздің солтүстік өңірлеріндегі халық саны шамамен миллион адамға қысқарып, оңтүстік аймақтарда бұл 5,2 миллион адамға өседі. Яғни, еліміздің солтүстік және оңтүстік аймақтарындағы бала туу көрсеткішінің алшақтығы нәтижесінде оңтүстік өңірлерде жұмыссыздық өсіп, солтүстік облыстарда жұмыс күшінің жетіспеу үрдісі жүреді. Бұл бағдарламаны алдағы уақытқа жасалған мұндай сараптамлық қорытындыға жауап яки шешім деп қабылдауға да болады.

Мұрат Әбенов өз сөзінде «Серпін-2050» бағдарламасымен білім алып жүрген студенттердің 85 пайызы көп балалы отбасыларынан шыққандар және 83 пайызы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балалары екенін айтып өтті. Оңтүстік өңірлердің балаларына аймаққа бөлінген гранттар саны да жете бермейді. Сондықтан олардың ақылы оқуына тура келеді. Бұл көп балалы жанұяларға қаржылай ауыртпашылық болатыны сөзсіз. Олай болса, жоба аз қамтылған көптеген шаңыраққа зор көмек болатыны анық.
 

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

«Серпін» бағдарламасы талапкерлердің мамандық таңдауына да баса назар аударады.  Мұрат Әбеновтің айтуынша, .  «Серпін-2050»  жобасы  бойынша грант иегері  болу үшін оқу орындары мен мамандықтарды таңдау маңызды. 

Бүгінгі жастар мамандықты дұрыс таңдай алмауынан, қолына диплом алғаннан кейін көп қиындықтарға тап болып жатады. «Бұл бағдарлама іске қосылмас бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыссыз жастар арасында зерттеу жұмысын жүргіздік. Ондағы мақсат – жұмыссыздық салдарын анықтау. Сауалнамаға қатысқан жұмысссыздардың 78 пайызы ата-ананың айтқанымен мамандық таңдаған. Жалпы саны 500-ден асып жығылатын мамандықтардың 200-інің атауын білмейді де. Мамандықтың дұрыс таңдалмауына ақпараттың жетіспегендігі себеп болады», – дейді Мұрат Әбдімалитұлы. 

Айтулы бағдарламаның республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы өз сөзінде «Серпіндіктердің» еліміздің әр жоғары оқу орындарында білім алып, кәсіпке үйренуінің өзі оларды бәсекеге қабілетті болуға итермелейтінін айтады. Ол: «Олар белгілі бір ортадан шығып, үйінен, жақындарынан алшақ жерде жүріп, басқа ортаға бейімделіп, шыңдалып шығады. Келешекте бұл мамандар қандай ұжымда болса да өз орнын тауып, еңбекке икемді болып шығады», – дейді. 

ТӘРБИЕ – БІЛІМ БАСТАУЫ 

«Серпін-2050» жобасы Мемлекет басшысының қолдауымен адымдап қадам жасап келе жатыр. Бұл жоба аясында білім алып жүрген студенттер алдында тек жақсы маман болу ғана емес, өз елін сүйетін патриот, алғыр да өнегелі азамат болу мақсаты бар. Себебі балаларын алыс сапарға жіберген елі, ата-анасы, ағайыны, мемлекет, тіпті Елбасының өзі оларға зор үміт артып отыр. Сондықтан олар ел болашағына немғұрайлы қарамай, қоғам өміріне белсене атсалысуға барын салады. 

Осы оқу жылы басында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «ПМУ мистрі» байқауында іріктеліп алынған жігіттердің қатарынан оза шауып, университеттің жігіт сұлтаны болып «Серпін» бағдарламасымен оқып жүрген жаратылыстану және химиялық технологиялар факультетінің 1 курс студенті Ергеш Ердәулет атанды.  

ҚАРА ШАҢЫРАҚ ҚҰШАҒЫНДА 

Павлодар мемлекеттік университетінің «Серпін» бағдарламасымен білім алып жүрген студенттермен «Нұр Отан» ХДП партиясы облыстық филиалы және Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар бірлестіктері үйлестіру кеңесінің өкілдері кездесті. Сондай-ақ, жуырда ғана студенттермен «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов жоспарлы кездесуін өткізді. Кездесуде «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырудағы нәтижесі талқыланды. Кездесу барысында қонақ С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың тыныс-тіршілігін көріп, материалдық-техникалық базасымен танысты. 

Университеттің «Серпін» бағдарламасымен білім алып жүрген студенттері жайлы қоныстануына, сапалы білім алуына жағдай жасалған. Мұнымен қоса, олардың келуімен жаңа жатақхана студенттер игілігіне берілді. 

Тағы да Мұрат Әбенов өз сөзінде Павлодар мемлекеттік уиверситетінде «Серпін -2050» бағдарламасымен білім алып жүрген студенттер үшін бизнес орталық құру туралы айтып өтті. Қонақ білім ордада бизнес инкубатордың құрылуына бар алғышарттар жасалғанын және студенттің кәсіпкерлікпен айналысып, табысты болу жолы оқу орданың даму қағидаттарына сай екенін жеткізді.  

Сонымен қатар, оңтүстік аймақтардан білім іздеп келген студенттер Мұрат Әбдумалитұлына мазалаған сауалдарын қойып, С. Торайғыров атындағы ПМУ білім сапасы мен жатақханадағы тұрмыстық жағдайларымен бөлісті. Студенттер С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне оқуға келгендеріне дән риза екендерін айтып, ректорға өз тараптарынан алғыстарын білдірді. 

Кездесу барысында С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев студенттерді сапалы білім алуға шақырды. «Жарты ғасырдан астам тарихы бар жоғары оқу орны өз студенттерінің өмірде табысты болғанын қалайды. Сондықтан, біз студенттеріміздің табысты болуы үшін сапалы білім беруді мақсат етеміз», – деді университет басшысы.

  

P.S. «Сапалы білім», «білікті маман», «жұмыссыздықпен күрес» дедік, дегенмен, бүгін бұл аймаққа білім қуып келген үлбіреген жеткіншектер Ертістің Баян өңірінен тамыр жайып, өсіп-өркендеп, облыстың, Қазақ Елінің жарқын болашағына қызмет етуі – маңызға ие.

Сөзімізді Мұрат Әбдумалитұлының сөзімен тәмам етсек:  «Серпін-2050» жобасына тәуекелшіл,  өзгерістерден жасқанбайтын,  белсенді,  өнерлі, білімге құмар,  өзге өңірлерде оқып, қажет болса сол өңірлерде қалып, еліміздің жарқын болашағына жұмыс істеуге  бел байлаған жастардың қатысуын құп көреміз».

 

 

Жанар ЕЛЕШОВА 

«Білік»,  №2 (184), 29 ақпан, 2016 жыл.