Өмір сүруге деген құлшыныс
Шартарапқа қазақты танытты
Қалмагер өз еңбектерінде Ұлы Даланың өткені туралы құпияларды ашып, Жәнібек хан, Керей хан, Әбілқайыр хан, Қасым хан, Жәңгір хан, Абылай хан, Кенесары хан, сондай-ақ, атақты билер, атақты батырлары жырау, шешендер туралы деректерге қанық етті оқырманды. Ілияс Есенберлиннің ХV ғасырдан XIX ғасырдың ортасына дейінгі оқиғаларды бейнелеген «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» романдары «Көшпенділер» трилогиясына біріктірілді.
Ал өмірінің соңғы күндерінде «Алтын орда» тарихи романын дүниеге әкелді. «Көшпенділер» – қырық жылдан аса уақытта жазылғанның өзінде бүгінгі күні тарихи романдардың ішіндегі көш бастап тұрған туынды. Трилогия шыққанға дейін «Айқас» атты романы үшін 1968 жылы ҚазССР мемлекеттік сыйлығын алып үлгерген. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы СССР мемлекеттік сыйлығына ұсынылып, негізгі үміткерлердің бірі саналды.
Оның тарихи романдарында қазақ әдебиетінде бұрын-соңды осылайша тарихи шежіре кең әрі тәтпіштеп баяндалып, әдеби көркемделген туынды болмағаны анық. Әлі күнге дейін «Көшпенділер» трилогиясы көп оқылатын және басқа тілдерге көп тәржімаланатын шығарма болып отыр. Сол уақыттары ғылымда терең зерттелмеген тарихтың белгісіз белестерін оқырман қауымға паш ету жазушы үшін үлкен ерлік еді. Ілияс Есенберлин мұндай батыл қадамға ойланбастан барды. Ұлты үшін, қазақ халқы үшін, болашақ үшін барды. Тарихи романдар жазу арқылы елінің тарихын түгендеуді өзіне ел алдындағы парызы деп түсінсе керек. Қаламгер қазақтың тарихы мен болмысын, дүниетанымы мен мәдениетін жаһанға жария етіп, танытты.
Дерек: Алғаш рет 1976 жылы «Көшпенділер» атымен жарық көрген трилогия орыс тілінің өзінде 12 рет басылып, 1,5 миллион тиражбен тарапты. «Көшпенділер» трилогиясы әлемнің 30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басылған екен. 2005 жылғы есеп бойынша, дүниежүзіне таралған жалпы тиражы 3 миллион дана. Бұл трилогияның негізінде 2005 жылы «Көшпенділер» атты тарихи көркем фильм түсірілді.
Халық жауының күйеу баласы атанып...
27 күнде жазылған роман
Мақаланы жазу барысында «Жан сырым» кітабындағы әдеби сыншы Павел Косенконың жазушы туралы естелігі көзіме түсті. Ілияс ағаның еңбек жолына қанығу үшін оқырманға осы үзіндіні ұсынуды жөн таптым.
– Ілияс Есенберлин асықпай-саспай бір жұмыс күнінде сан алуан шаруа бітіріп үлгеретін. Ал кешкі сағат алтыдан кейін І.Есенберлин директорлықтан «түсетін». Кешкісін, не демалыс күндері қызмет бабымен соғылатын қоңырауды ол жек көретін. Тіпті дүние аударылып жатса да. Өйткені бұл уақытта ол директор емес, жазушы болатын. Қызық еді.
– Үйге келемін, шәй ішемін, сосын ұйықтаймын. Сағат ондарда үйдегілер сабырлана бастайды. Сосын мен столыма отырып, түнгі 3-4-ке дейін жазамын.
– Демалыс күндері де ме?
– Жоқ, демалыс күндері мен аз жұмыс істеймін. Бізде, қазақтарда қонаққа бару, достармен араласу деген салт бар ғой.
– Сонда бір түнде қанша жазып үлгересіз?
– 20-30 бет.
«Көшпенділер» трилогиясының бір романын Ілекең бір айда (қаңтарда) жазды. Оның ішіндегі 4 күні жақын досы – дарынды жазушы Қапан Сатыбалдиннің қайтыс болғандағы шаруаларына кетті. Ай емес, 27 күнде жазды.
Кітапты жазғандағы асыл арманым не?
Қайталанбас туындылардың дүниеге келуіне себеп болған достық
Жазушы Шарбану Құмарова «Тұйық өмірдің құпиясы» кітабында Ілияс Есенберлин туралы естелігінде былай деген еді: «Есенберлинге көп көмектескен Дінмұхамед Қонаев еді. Ол тарихи кітаптарын ұзақ уақыт шығара алмай жүрді. Ыңғайы келіп, Қонаевқа жолыққан соң кітаптары шетінен басылды». 1967 жылы Ілияс Есенберлин «Жазушы» баспасының басшысы болып қызметке тағайндалады. Расында мұндай жаңалыққа сол кездегі әдебиет майталмандары қатты таң қалады. «Мамандығы инжинер Ілияс еліміздегі бас әдеби мекемені басақарғаны несі?!» деген уәждер де жиі айтылыпты. Бұл жөнінде жазушы Қабдеш Жұмаділов былайша еске алады: «Көп жылдар қуғын көріп, әр жерде есік қақты боп жүрген Ілияс Есенберлиннің бұлайша аяқ астынан республикадағы бірден-бір әдеби баспаға директор болып шыға келуі қалам ұстап жүрген қауымды дүрліктіріп тастады».
Ілияс Есенберлиннің бойындағы тума дарынын, қаламгерлік қасиеттін сол кездегі Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев аңғарып, баспаға басшы болуына да жол салған болса керек. Олардың достығы Дінмұхамед Ахметұлы Балқашта қызметте жүргенде Ілияс Есенберлин оның қоластында жұмыс істеген кездерден басталған дейді. Екеуінің мамандықтары да тау-кен инженері, бір-бірімен тіл табысып, өзара сыйлы болған деседі көрген көздер.
PS. Ілияс Есенберлин бес ғасыр бойына мемлекеттілік тұрғысынан болған тарихи ірі уақиғаларға әдеби сарын беріп, бірнеше ғасырлар тоғысында болған өзгерістерді өз көзімен көргендей бейнелеп берді. Бұл – әдебиеттің тілінің құдіреті. Тарихи фактіге сөзден әдемі өрнек құрып, тамаша қайталанбас туындыны дүниеге әкелген жазушыны дара да дарынды деп айтпасқа болмас.
Жанар ЕЛЕШОВА
«Білік» №2 (175), 28 ақпан, 2015 жыл