Дүниe жүзi мәдeниeтi мeн ғылымы тарихында бeрiк oрын алған eжeлгi Фараб қаласында дүниeгe кeлгeн Әбy-Насыр Әл-Фараби (870-950) «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары тyралы трактатында» сөз өнeрiнің өмiрдi басқарy өнeрiнe тiкeлeй қатысы бар eкeндiгiн дәлeлдeп, oны iзгiлiккe жeтy әдiсiнiң бiрi рeтiндe қарастырады. Сoндай-ақ, иландырғыш нақыл сөздeр мeн сeзiмгe әсeр eткiш нақыл сөздeрдiң көңiлгe ұялайтындығы сoншалық, адамдарды oндағы айтылған жағдайға байланысты әрeкeттeрдi өз eркiмeн жасаyға жiгeрлeндiрeтiнiн жәнe oның ойлы сөз айту, шешендікті таныту өнeргe дeгeн қабiлeттiлiгiнe байланысты бoлатындығын айтады. Дeмeк, қандай ұлт болмасын, ұлық болсын тек сөз қадірінің табиғатын түсінген сөз зергері ғана кез келген ұлттың сөз табиғатын жете түсініп, ұлықтық палсапасын таныта алады Осындай қаламгердің бірі – Ұлы Қазақ Даласының тәлімі мен тағылымымен сусындап, Абайы мен Арыстарының сөз өнегесін тұмарындай ұстаған, ой-пейілі мен жаны қазақи, Қазақ Елінің тарихына, мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне шынайы махаббатпен терең бойлаған, шығыс және батыс мәдени дәстүрін біріктіре алатын дарынды талант иесі, бүгін де сексеннің сеңгіріне шығып отырған Герольд Бельгер есімі барша қазақ халқына танымал екені сөзсіз.
Г.Бельгер қазақ тілі мен әдебиетін зерттеуге үлкен үлес қосты. Көптеген романдар, повестер, әңгімелер мен әдеби-сыншылық жұмыстарды терең зерделеген іздемпаз қаламгер. Олар: «Сосновый дом на краю аула», «Даладағы шағала», «Живые предметы родства», «Гете и Абай», «Казахское слово», «Дом скитальца», «Казахские арабески» және т.б. Б.Майлин, Ә.Нұрпейісов, А.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов және т.б. қазақ әдебиетінің белгілі классиктерінің бірқатар шығармаларын орыс тіліне аударған. Сондай-ақ, А.Реймген, Э.Кончак, Н.Ваккер және т.б неміс жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударған қарымды жазушы.

Абай мен Гете

Г.Бельгер қазақтың тілі мен әдебиетінің құдіретін меңгеруде Абайды танудан бастау алғаны сөзсіз. Оның Абайды тануы Гетені түсінуден басталуға тиіс еді. Қаншама қазақша оқып, қазақ ауылында өскенімен, өз ана тілінде жазуы мүмкін ғой. Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Ол әуелі ұлы Абай арқылы Гетенің сөз өнерінің табиғатын тапты. Гетенің әйгілі «Жолаушының түнгі жыры» атты өлеңін ол Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлеңін оқып барып, Лермонтовтың «Тау шыңдары» арқылы таныды. Бельгер Абай мұраларын тану, оны зерттеу мәселелерімен айналысып, «Үндестік», «Гете және Абай» (екеуі де орыс тілінде) деген ғылыми – зертеу еңбектер, «Шың», «Туыстықтың жанды өрнектері» (неміс тілінде), «Асылға абай болайық» («Қазақ әдебиеті», 1985, 9 мамыр), «Ақындар сыры» («Простор», № 2, 1992) т. б. қазақ, орыс, неміс тілдерінде оннан астам мақала, «Мұнартау» («Жалын», № 1, 1974) атты көркем әңгіме жариялады. Бұл еңбектерінде ол Абайдың сан қырлы шығармашылық дарынына, ақындық құдіретіне, жаңашыл дәстүріне шолу жасады. И. В. Гете мен А.Құнанбаев шығармалары үндестігінің философиялық, эстетикалық, этикалық, психологиялық заңдылықтарын талдады. Гетенің «Жолаушының түнгі жыры» шығармасы негізінде туындаған М. Ю. Лермонтовтың «Тау шыңдары» мен Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңдеріндегі поэтикалық рухани бірлігін, әлеуметтік ой толғауындағы жақындық пен тамырластықтың түп төркінін ашып көрсетті. Абай өлеңдерінің орыс тіліне аударылуындағы жай-күйіне, ақынның кемел ойы мен көркем теңеулерін тәржімелеудегі кемшіліктерге, текстолгиялық ала-құлалықтарға, жаңсақ жазылған сөздерге тоқталды, оның түсініктемесін берді.

Г.Бельгер «Абай мен Гете» тақырыбына ерекше назар аударып, өзіндік ой-пайымын білдіреді. Ұлы адамдардың, оның ішінде әр халықтың дана ақындарының арасында рухани жақындықтың, рухани тамырластықтың тіпті туысқандықтың бары анық болса, сол жақындық, сол туыстық Гете мен Абай шығармашылығында айрықша айқын білінеді. Әр түрлі тарихи-географиялық ортада, әр түрлі қоғамдық формация мен тарихи кездерде, тіл мен әдеби дәстүрі бір-бірінен мүлдем алшақ жағдайда өмір сүргендеріне қарамастан, Гете мен Абай тағдырында, дүниетанымдарында, ізденістерінде, адамгершілік ынта-талабында, ұлттық мәдениетті дамытып, ұлттық сана сезімді ояту бағытындағы ересен еңбектерінде үндес, сарындас әуендер жиі кездеседі. Екі ұлы ақынның творчестволық үндестігі туралы қаламгер жете зерттеп, толғандырып жүрген мәселелерінің бірі ретінде қоғам талқылауында қарастырып жүр. Ұлттық үндестіктің философиялық, эстетикалық, тарихи-қоғамдық заңдылығы мен астары бар екенін көмескілеу болса да, Гетенің «Жолаушының түнгі жыры» негізінде туындаған Лермонтовтың «Тау шыңдары» мен Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңдерінің үндес әуендерін ол кезінде біраз зерттеп, ол жайында үлкенді-кішілі мақала, эссе, әңгіме жазды. Зерттеу барысында жұрттың бәріне мәлім небәрі сегіз жолдық миниатюраның түп-тамыры көне грек ақыны Алкманға барып тірелетініне, осы бір ғана қызықты деректің төңірегіндегі ойлары мен топшылаулары бірер жыл бұрын шыққан «Үндестік» (орысшасы «Созвучие») атты туындыларында зерделенді.

Сөз шебері

Сөз табиғатын терең түсінген қаламгер философиялық, моральды-этикалық, эстетикалық, психологиялық, идеялық, көркемдік сәйкестіктердің параллельдердің, ортақ ізденістердің барлығын нақты мысалдармен жүйелі түрде терең ашады. Мәселен, ол әлемдік әдебиет сыншылдарының, атап айтсақ, Н.Н.Вильмонт, Белинский мен неміс философтары. Гегель, Кант, Шиллердің ғылыми пәлсапаларына сүйене отырып, адами рухтың биік болуы – сөз тәрбиесін дұрыс ала білуінде деген құнды пікір айтады. Осы ретте Герольд Бельгер Абайдың «жалпы адам баласының өнер-ой байлығынан алған үш үлкен салалы түп-төркіні барын» (М. Әуезов) білсек, сол саланың бірі – қазақ ақындарының Еуропа мен Шығыс мәдениетімен сан түрлі байланысы осы кезге дейін түбегейлі зерттелмегені туралы толғақты мәселе көтеріп, бұл зерттеудің көшбасын Гете мен Абайдың рухани байланыстарынан бастаған абзал деген ой түйіндейді.

Сөз қадірін терең түсінетін сырбаз қаламгер сырты жылтыраған арзанға қызықпай, іші мағыналы қымбаттың сырына терең үңіліп, шындықты шыңғыртып айтатын ақиқатшыл ұстанымы бір төбе. Ол сыры мол тақырыптық, идеялық-керкемдік, философиялық байланыстардың қырларын жан-жақты байқап, салиқалы оқиға желісімен жазатын шеберлігі бар ойшыл жазушы.

Герольд Бельгер шығармашылығындағы сөзінің шымырлығы, қуаттылығы, бейнелілігі, терең мағыналылығы, қазақи өрнектілігі шынында да таңқаларлық. Құтты бір аяулы әкеңнің, абыз атаның, сырлас құрбыңның, ұлағатты ұстазыңның сыры терең әңгімесін тыңдап, өмір мен тағдырдың қадір-қасиетін түсінетін жағдайға жеткізетін сезімде болатыны хақ. Оның жазушылық шеберлігінің құпиясы да осында болса керек!

Аудармашылық өнері

Сөз өнері әлемінде аударма үрдісі ерекше құбылыс. Қазақ әдеби тілін өзге тілге аудару үлкен шеберлікті, терең білімді қажет ететіні әркімге аян. Осы мәселе төңірегінде де Герольд Бельгер барынша қолтаңбасын қалдырған, еңбегін сіңірген білікті аудармашы. Б.Майлин, Х.Есенжанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов, т.б. қазақ жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақшалап орыс тіліне, А.Раймген, Э.Кончак, Н.Ваккер, т.б. неміс жазушыларының жекелеген туындыларын неміс тілінен орысшаға аударды. Жиырмадай жинақтың құрастырушысы және жекелеген әңгіме, мақалалары енген 25-тей жинақтары тағы бар.

Ол аударма заңдылығы мен қазақ әдеби тілінің, көркем шығарманың аударылу өрнегі туралы ғылыми ой түйіндейді. Мәселен, ол: Абайдың кез келген бір жолын орысшаға аударып көріңізші. Аудара алмайсыз! Әлденеше вариант жасап, түсініктеме, сілтеменің көмегімен мән-мағынасын әзер түсіндіресіз. Мысалы:

Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?
Қай жеріңнен көңілге куат қылдық,
Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?

Бір қарағанда бәрі де түсінікті сияқты. Ал енді орысшалаңызшы. Ай, қиын-ау! деп сынай ой тастап, мысал келтірейік – екі ғана сөз – «бойы бұлғаң» дегенді орысша қайтып бересіз? Бір академик «хвастун» депті. Ал, шынында, бір «бойы бұлғаңды» орыс тіліндегі «гуляка», «праздно шатающийся», «воображуля», «нарядно одетый», «выхваляющийся», «бездельник», «спесивый», «пустопляс» сықылды сөздердің бәрі қосылып, мағынасын бере алмайды. Абай сөзінің салмағы дегенде мен оның осы қасиетін айтамын, – деп дұрыс аудару мәнерін көрсетеді, қатты сын айтады. Сөз жоқ, ойы құптарлық!

Абайды оқысам, Гетені танығандай боламын

Соңғы төрт-бес жылдың ішінде Герольд Бельгер шағын философиялық этюдтерді жазып, Қазақ Елінің руханияттық әлемінде есімдері белгілі адамдармен дәм-тұзы жарасып, үзеңгілесе жүріп, пайымды ой толғап жүрген новеллист қаламгер екені бізге зор мақтаныш! Ол өзі мен өзгенің өмір-тірлігі туралы қысқа пайымдаулары жазылып, эссе, новелла, күнделік т.б. пішінде жазып, жазушылық-шығармашылық тынысы кеңдігін танытып жүр. Әрине, мұндай тәжірибелер әлемдік әдебиетте бұрыннан бар: Платонның «Диалогтарын» айтпағанның өзінде, Монтеньнің «Тәжірибелерін», Ларошфуконың «Қысқа қайырымдарын» еске түсірсек те жетіп жатыр.

Асылында, Герольд Бельгер жанының қазақилығы, ойының тереңдігі, сөзінің өрнек-өрімі дарыны мен талантында десек, ал оны Қазақ ұлтына пайымдай білуі терең ұлтжандылығында, өмірге деген сүйіспеншілігінде жатса керек. Қазақ Ұлтына, оның сөз өнерінің жауынгері болуына мына бір жай әсер еткен сияқты. Естелігіне көңіл аударайық:

Өз басым Абаймен тоғыз жасымда кездестім. Ол кезде қазақ мектебіне оқуға түсіп, қазақ тілін енді-енді үйрене бастаған едім. Оқу программасы бойынша мұғаліміміз Күлшара Қасымова Абайдың «Қыс» аталатын өлеңін үйден жаттап келуге тапсырма берді. Есілдің жағасындағы кішкене қазақ ауылы қарлы боранның астында қалған. Сол жылғы қыс сұмдық қатал болды. Біз бұрынғы дәрігерлік пункттің бір бөлмесін паналап отырғанбыз. Терезені жел ұрғылайды. Кішкене қаңылтыр пештің іші гу-гу етеді. Жетілік шамның сығырайған жарығының астына алба-жұлба оқулығымды қойып, күбірлеп Абайдың өлеңін оқып мен жатырмын.

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы – ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды…
Мен Абайдың өлеңін оқысам, анам кішкене қарындасыма әлдилеп немісше өлең айтады:
Roslein, Roslein, Roslein rot,
Roslein auf der Heiden.

Шешемнің айтып отырғаны – кейін білдім – Гетенің «Даланың раушан гүлі» атты өлеңі екен. Сөйтіп, менің санама Гете мен Абай бейнелері қатар сіңіпті. Бірақ Абайды бұрынырақ танығаным рас. Өйткені біздің ауылда үлкен-кішілер Абай өлеңдерін, Абай әндерін көп айтатын. Ауыл сахнасында «Абай» спектаклін қоятын. «Абай жолы» романын елдің бәрі таласып оқитын… Қазақ тілін еркін игеріп алған соң, өзім де Абай тереңіне бас қойдым. Кейініректе Гетені іздеп таптым. Енді екі ұлттың екі заңғар биігіне қарап отырамын да, таң-тамаша қаламын. Гетені оқысам, Абайды танығандай боламын. Абайды оқысам, Гетені танығандай боламын. Тілі басқа, тілегі бір ақындарды түпнұсқадан оқып, түсінгенім үшін әжептәуір марқайып қаламын.

Міне, талант пен дарындылықтың, парасаттылық пен жазушылық шеберліктің бастауы, қайнар көзі, қуатты күші осы болса керек!

Ұтқыр журналист, очеркші, романшы, хикаяшы, әңгімеші, аудармашы, зерттеуші, сатирашы, көсемсөзші, күнделік өрнектеуші боп та кете беретін шығармашылық кеңістігі кең Герольд Бельгер әлі де жазары бар.

Жазушының өрнек-өрімі

Күнделік жазу – қас қағым сәт келбетін шежіреге айналдырып, әдемі әңгіме өру өнері. Бұл ретте де Герольд Бельгер өзінің күнделік шежіресінде қазақтың алыптары мен арыстарының, ірілері мен бірегейлерінің ерекше мінездерін, қадір-қасиетін ерекше жазатын сезімтал жазушы екеніне ешкімнің дауы жоқ. Оның күнделік беттерінен ең жақын досы, марқұм Асқар Сүлейменовтен бастап Мәлік Ғабдуллин, Дүкенбай Досжанов, Сағадат Нұрмағамбетов, Ғабит Мүсірепов, Есләм Зікібаев, Баққожа Мұқаев, бүгін көзі тірілерден Әбдіжәміл Нұрпейісов, Смағұл Елубаев, Ермек Тұрсынов, Бақытжан Қанапиянов, Иранғайып Оразбаев, Темірхан Медетбеков, Аманхан Әлімов, Қали Сәрсенбаев болып жалғаса береді.

Қазақ халқы eжeлдeн тұспалдап, жұмбақтап сөйлeyдi сүйeдi. Жұмбақтап сөйлey көбiндe әзiлдey, сынаy, сырласy үстiндe айтылады. Сыншыл бoлy үшiн әр нәрсeнiң жалпылық жәнe жалқылық eрeкшeлiктeрiн, oртақ жәнe oқшаy бeлгiлeрiн ажырата бiлy кeрeк, заттың жаратынды жәнe жасанды қасиeттeрiн жақсы түсiнyi шарт. Сыншы сoнда ғана бiр нәрсeнi eкiншi нәрсeмeн салыстыра, шeндeстiрe алады, нeгiзгi бeлгiсiн жазбай таyып, тыңдаyшысына жeткiзe бiлeдi. Осы жолда Г. Бельгер де өз ғұмырында ұлтымыздың сөз өнерін жете меңгеруге, табиғатын терең түсінуге ерекше еңбек етіп, ең бастысы, «бір қазақтай» Қазақ Еліне еңбегі сіңген азамат ретінде мақтан тұтатынымыз сөзсіз.

Герольд Бельгер шығармашылығындағы танымдық мәнi тeрeң мeтафoралардың халықтық қyаты басым, көп сырлы, сан салалы. Oның тiл кeстeсiн сyрeттi жeткiзeтiн сөз өрнeктeрiнiң қалың тoбы oбразды фразeoлoгизмдeр бoлса, oлардың көбi мeтафoралы тiркeстeр eкeнiн көрeмiз.

Мeтафoралық тiркeстeр нысанды тyра атамай, дeрeксiз ұғым мeн дeрeктi ұғым байланысып кeлiп, бeйнeлi түрдe аyыспалы мағынада атайды. Мeтафoралық тiркeстiң көркeмдiк пoэтикалық қызмeтi eкi нысананың жeкeлeгeн ұқсастықтары мeн бeлгiлeрiн тeңдeстiрiп, oйды бeйнeлi түрдe жeткiзyдi көздeйдi. Оның жазушылық қарекеті әлeyмeттiк мәнi бар тақырыпқа құрылyы, әңгiмe өзeгiнiң дәлeлi бoлyы, тыңдаyшыларға әсeр eтeтiн эстeтикалық қасиeтi бoлyы, тыңдаyшыларын бeлгiлi бiр iс-әрeкeткe ұмтылдыратын сөз бoлyы, айқындылығымeн түсiнiктiлiгi оқырманға ерекше әсер етеді. Қаламгер oйындағы ұғым-түсiнiктeрдi мeтафoралық қoлданыстар арқылы бeйнeлi, әсeрлi қылып жeткiзeдi.

Ойымызды түйіндесек, Г.Бельгердің шығармалары Қазақ Елінің тарихына, мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне шынайы махаббатпен терең бойлаған руханияттылығы биік әлем.

Айман ЗЕЙНУЛИНА,

ф.ғ.к., профессор, С.Торайғыров атындағы ПМУ

«Қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі

«Білік» № 1 (174), 29 қаңтар 2015 жыл