Турасын ойлағанда балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?

Абайдың жиырма бесінші сөзінен

Бүгінгі күні білім болашаққа салынған сенімді инвестиция көзі болып отыр. Дүниедегі ең құнды тауарлар қатарында. Ел дамуы азаматтардың сауаттылығына тікелей байланысты. Қазақстандықтардың үштен бір бөлігін отыз жасқа толмаған жастар құрайды. Яғни, олардың мақсаты айқын, болашағынан зор үміт күттіріп отырған, ел болашағының резерві.

Еліміздің саналы азаматы, білікті маман болуына жағдай жасау үшін оларға сапалы білім беру мемлекеттің негізгі ұстанымдарының бірі. ҚР Конституциясы мен «Білім туралы» заңына сай барлық азаматтар конкурстық негізде мемлекеттік степендиясы бар жоғарғы және орта кәсіптік білім алуға құқылы. Ал, қажетті балл жинай алмай қалған талапкерлер ақылы білім ала алады.

Білімге салған қаржының қайтарымы бола ма?

Қазақтың психологиясында ақылы білім алу, тығырықтан шығудың бір жолы іспеттес. Білімге инвестиция салу деген ұғым жоқ біздің санада. Әлемдегі алдыңғы қатарлы аты шулы университеттердің барлығы дерлік жеке білім ошақтары және оқу ақылы түрде ғана жүргізіледі. Яғни, қаншалықты қаржы құйсаң, соншалықты білім деңгейіңді өсіресің. Және белгілі оқу орынның дипломы сеннің болашақтағы сәтті мансабыңа жол ашады. Мәселен, шетелдердегі ЖОО-дың оқу құны мынандай: Кембридж университеті 38000-40000$, Гарвард 38000-40000$, Масачутес университеті 38000-40000$, Оксфорд 20000$-дан жоғары, Пенсильвания 40000-42000$, Лондон колледждері 24000-28000$, Германияда 15000-18000 евро аралығы, Францияда 16000 евродан басталады, Голландияда 12000 евродан басталады, Бельгия 12000 евродан жоғары, Мальтада 6500-15000 евро, Қытай – 3000-20000$, Япония – 5000-18000$, Сингапур – 5000-25000$, Оңтүстік Корея – 14350$ бастау алады. Бұл көрсетілген оқу құны бір жылдық бакалаврлық оқу ақысы, әрі таңдаған мамандығыңызға байланысты оқу құны өзгеріп отырады.

Қазақстандағы білімді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстанда оқитындардың сапалы біліммен қамтамасыз етілуі жолға қойылуда. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев білікті маман даярлау және сапалы білім беру ғылым және инновациялық саланы халықаралық стандарт талаптарына сай жетілдіру мәселесіне баса назар аударып отыр. Халықаралық тәжірибеден байқасақ, білімге салған қаржы қоғамның көркеюіне, экономиканың табысты болуына бірден-бір себепкер. Мәселен, американдық компаниялар бір қызметкерін оқыту үшін 35 мың доллар жұмсап, одан 1млн. табыс көреді екен. Ал, жылына АҚШ компаниялары өздерінің қызметкерлерін оқыту мақсатында 50 миллиард доллар салса, 1 триллион 430 миллиард доллар табыс алатын көрінеді. Ұлыбритания 40 миллиард доллар инвестиция құйса, ол 1 триллион 140 миллиард пайда әкеледі екен.

Білім беру жүйесін жаңғырту

ҚР білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов осы жылдың 24 тамызында өткен «Білім беру жүйесін жаңғырту – адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» атты конференцияда еліміздің ЖОО-дары әлемдік деңгейдегі білім жүйесіне ену процесі жүре бастағанын атап өтті. Біріншіден, университетке дербестік беру, оларды тәуелсіз аккредиттеу, білім алушылардың, оқытушылардың білімдері мен инновациялардың халықаралық мобилдігі, «ғылым-білім-инновациясы» тиімді синтездеу жолға қойылатын болады. Екіншіден, осы жылдың соңына дейін заман талабына сай келмейтін 20 ЖОО, келесі жылы 10 ЖОО оңтайланады. Үшіншіден, ЖОО-да академиялық мобильділікті кеңейту жүреді. Яғни, ЖОО-да барынша ағылшын тілін және басқада тілдерде оқыту алға қойылады. Бұл коммерциялық маңыздылықты ғана емес, елдегі жоғары мектептердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады деген сенім бар. Қазақстандағы ЖОО-да көп тілділікке көшуі пилоттық негізде жүзеге асады. Бірінші кезеңде бұл жекелеген ЖОО-дардағы белгілі мамандықтарда жүрсе, уақыт өте келе, бұл әдіс тәжіребие мен кадрлық резервке қарай кеңейетін болады. Төртіншіден, енді оқытушылардың сапасын арттыруға мән беріледі. Министр ұстаз дайындау сапасын арттыру мақсатында Еуропа және АҚШ ЖОО-нан педогогикалық мамандар бойынша бірлескен бағдарлама жасау жұмыстарын тапсырды.

Білімділік – әлем сұранысы. Дүниенің дүбіріне ілесіп қалу үшін сауаты ашық ел атану парыз. Біліміңді биікке самғату өз қолыңда. Қандай әдіспен өз еркіңде. Алдағы мемлекеттер қатарына ілесу ме, бұйрықпен өмір сүру ме, ұтымдыға ұмтылу ма, таңдағаның. Мейілінше қоғам қатарына қосылу үшін, білім алып, сапалы сауат ашу міндетіміз.

Жанар ЕЛЕШОВА

«Білік», №10 (144), 11 қыркүйек, 2012 жыл.