Қазақ қашанда «халқыма не бердім» деп атқарған еңбектерін бағамдап, өткенге сарап жасайды. Бүгінде осындай ізгі қасиеттен танылмай белгілі ғалым, мәшһүртанушы, қоғам қайраткері Айтмұхамет Тұрышев алпыстың асуына жетіп, қазақ әдебиеті мен тіліне, ділі мен мәдениетіне салған еңбектерін саралауда. Ғалымның еңбектері халық игілігіне жарады, табысы еңбекпен еселенді деген осы болса керек.  

 

Туған жердің қасиеті 

Филология ғылымдарынң докторы, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры Айтмұхамет Тұрышевтың тынымсыз еңбегі пен қазақ баласы ретіндегі жауаптылығы ғылымның сүрлеуіне жетеледі. Оның бүгінгі жетістіктеріне атасынан жеткен тектілігі мен туған жерінің қасиеті де сеп болса керек. Ғалым қашанда өзінің балалығы өткен ауылы –  Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданына қарасыты бұрынғы Таңсық ауылын ерекше мақтанышпен еске алады:  «Біздің ауыл Таңсықтың тарихы сонау сақ дәуіріне дейін желі тартады десем, артық айтпаған болар едім. Тау баласы тауға қарап өседі. Ал, мен Аякөздің суына түсіп, құмына қыздырынып жатып, бала қиялмен «Қозы көрпеш – Баян сұлу» мазарына ұзақ қарап, қос ғашықтың жете алмай кеткен арманы «махаббатың» бесігіне бөленіп өстім. Мазар қай жылы салынды екен? Жырдың мазмұны Эрмитажда сақталған «Шоқ терек» алтын қапсырмадан бұрын пайда болды ма? – деген сансыз сұрақтарға жауап іздеп, басымды қатырып, жатқан жерімде ұйықтап кететінмін». Осы бір шағын ауылдан ел дамуына, қазақ мәдениеті мен өнеріне, ғылымы мен біліміне зор үлес қосқан қазақтың маңдай алды азаматтары дүниеге келген екен. Алдыңғы буынның ізін көрген Айтмұхамет ағаның өмірлік сүрлеуі де басқаша болмауы мүмкін еместей көрінеді. 

Әкесі Қасымбай Ұлы Отан соғысында азаматтық борышын өтеп келіп, мектепте ұстаздық етеді, ардагерлер кеңесін, совхоздың жұмысшылар кәсіподағын, партия ұйымын басқарады. Өнерді сүйген, қоғамдық жұмыстарға білек сыбана кірісіп жүретін әкесінің тәрбиесін көріп, тәлімін алған Айтмұхамет аға өз ісіне жауапты болып өсті. Анасы Күлжанның еңбекқорлығы мен төзімділігін үлгі еткен ол  өзіне талапшыл болуды бойына сіңіреді. Оның алғашқы ұстазы, әкесі Түсіп Солтанаевтың салып берген жолынан да тайып көрген емес. Ол өмірлік ұстазы Түсіптің әкелік алақанының жылуын ғана емес, ұстаздық  қамқорлығын да көп көрген, үлкен тәрбие алған. Бала Айтмұхамет кеңес уақытында алғаш рет Түсіп әкесінің аузынан Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлының еңбектері туралы естіп, таныған.  

Еңбегімен ер сыйлы 

1973 жылы Таңсық совхозындағы (қазіргі Таралаулы ауылдык округі) Қызылқия орта мектебін бітірді. Айтмұхамет аға алғашқы кәсіби білімін ағаш шебері мамандығы бойынша алып, осы салада еңбек етеді. Тек әскери борышын өтеп келгеннен кейін ғана Айтмұхамет Қасымбайұлы  Семей қаласындағы Н. Крупская атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім игереді. Ұстаздық еңбек жолын ол өзі ұшқан мектепте тәрбиеші болып бастайды. Мектепте мұғалім, кластан, мектептен тыс тәрбие жұмысының ұйымдастырушысы, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Содан Қазақстан Компартиясының аудкомы мен Халық депутаттары аудандық кеңесінің атқарушы органының  шешімімен «Шыңғожа» орта мектебінің директорлығына тағайындалады. Ұстаздық ете жүріп, Айтмұмахмет аға Тарлаулы ауылдық кеңесінің депутаттығына сайланған. Ол «Таңсық» совхозында қызмет істеп жүргенде аудандық, облыстық  көлемдегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. 

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институттың филология факультетінің деканының орынбасары, кейін қазақ тілі және әдебиеті кафедрасында аға оқытушы болып қызмет етті. Міне, еңбек жолының осы тұсынан бастап Айтмұхамет Қасымбайұлы ғылым жолына ден қойып, бір кездері бала Айтмұхамбетті мазалаған сауалдарды ғылыми зерттеу нысанасына алады. Ғалым «Лиро-эпосының стилі мен тілі» «Қозы көрпеш – Баян сұлу» және «Қыз Жібек» поэмалары негізінде кандидаттық диссертациясын қазақ филологиясы тарихында Павлодар облысында алғашқылардың бірі болып қорғады. Дегенмен, белгісіз себептермен аттестациялық комиссияның сараптамалық бөлімнен өтпеді. Үш жыл уақыт сала, 1998 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің жанындағы мамандандырылған кеңестің мәжілісінде «Қыз Жібек» жырының тілі мен стилі» атты кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шығып, Айтмұхамет Қасымбайұлына филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі беріледі. Ал докторлық жұмысын ғалым Мәшһүр Жүсіп шығармалары лексикасының этномәдени негіздері тақырыбына арнап, Ғылым академиясынның А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы диссертациялық кеңестің мәжілісінде сәтті қорғап шығады.  

 

Мәшһүртанушы ғалым 

Сөз басында ғалымды Мәшһүртанушы деп бекер айтпадық. Айтмұхамет Қасымбайұлының еңбегінің басты бағыттарының бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұраларын зерттеу болды. Бұл салада ғалым тың дүниелерді көпке жария етіп, ақынның мұрасын насихаттауда көп іс тындырды. Ғалым С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығын басқара жүріп, Мәшһүр Жүсіптің артында қалған мол шығармаларын, қолжазбаларын жинап, зерттеп, кітап қылып басып шығару міндетін өзіне басты мақсат етті. Бұл жөнінде Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов былай дейді: «Айтмұхамет Қасымбайұлы 2004-2014 жылдары С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығының директоры міндетін атқарды. Мәшһүртанудың тұңғыш ғылыми негізі, ірге тасы қаланды. Яғни, Қазақстанда ақын мұраларын зерттейтін, насихаттайтын бір орталықтандырылған жүйелі ғылыми бағыттағы орталық пайда болды. Мәшһүр Жүсіп шығармашылығын зерттеу күллі мектеп оқушыларына, студенттерге т.б. мүмкіндік туды».

Айтмұхамет аға ең бірінші болып Мәшһүр Жүсіп шығармаларының тілін зерттеген ғалым. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармаларын жан-жақты ғылыми тұрғыда, тиянақты жүйелі талдап, нәтижесінде докторлық диссертациясы үлкен-үлкен үш монографияға айналды. Мәшһүр Жүсіп шығармалары болашақ жастар үшін, ғылым үшін таптырмайтын бай материалдар екенін ашып берді. Әсіресе, көне мақал-мәтелдер, ескі сөздер мен сөз тіркестері, эфемизмдер мен табу, жұмбақтар, анропонимика мен топонимика, космонимика т.б. толып жатқан салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа байланысты лексикаға өте бай екендігін оны уақыт өткізбей зерттеу керектігін көрсетіп берді. Оның ішінде әлі де мағынасы көмескі, этимологиясын ашатын сөздер көп екендігіне айырықша назар аударды. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығы дайындаған Мәшһүр Жүсіп шығармаларының 20 томдығын баспаға дайындалды. Төрт томдығы орыс тілінде, үш томдығы ағылшын тіліне аударылды.  

Ұстаздық еткен жалықпас

Айтмұхамет Қасымбайұлы отыз бес жылын ұстаздыққа, ғылымға арнады. Ол 13 монография, 7 оқу құралы, 1 пьеса, 5 автореферат және 1112 ғылыми мақалалардың авторы. Бұдан өзге, ғалым сөздік, энциклопедялар, шығармалар жинағы, аудармалар мен библиографияларды құрастыруда да зор еңбек сіңірді.  

Бүгінде ғалым ғылыми-зерттеу жұмыстарының ғылыми нәтижелерін өндіріске енгізді. Шәкірттерінің кандидаттық, магистрлік диссертациялары мен дипломдық жұмыстарына жол сілтеп, жетекшілік етуде. «Ертіс Дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибешілігімен және мектеп оқушыларымен жасалған ғылыми жұмыстарға қолдау көрсетіп, дарынды жас ғалымдарды жетектеп келеді. 

Қазақстан Республикасының Жазушылар Одағының мүшесі, Павлодар жазушылар одағы бөлімшесі филиалының директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Арман Қани әріптесінің ұстаздық еңбегіне былай деп баға береді: «Айтмұхамет Тұрышевтың шәкірттері де ғылым жолын қуып, жоғары оқу орындарында оқытушы, профессор болып қызмет істейді. Ұрпақ сабақтастығы дегенді осы деп білеміз. Ұстаз бақыты да бәлкім осы шығар».

 Отбасы – ошақ қасы 

Айтмұхамет Қасымбайұлы бүгінгі жеткен асуына адал еңбектің арқасында жетті. Бүгінде ғалым отбасы, ағайын-туыс, әріптес-жолдастарының, шәкірттерінің арасында сыйлы, құрметке ие жан. Ал ғалымның аяулы жары Шарбат Жұмаділова жолдасына  қашанда қолдау көрсетіп, ғылым жолының қиындығына бір адамдай болып ортақтасып келеді. Шарбат апайымыз да ұстаздық ете жүріп үйдегі берекеге ұйытқы болды, балаларын абыройлы да өнегелі азамат етіп тәрбиеледі. Бүгінде қызы Шарафат  экономист, заңгер, Л. Гумилев атындағы ұлттық Еуразия университетінің докторанты, ұлы Әмірбек ф.ғ.к., доцент, халықаралық ақпараттандыру академиясының мүше-корреспонденті, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде қызметте,  ұлы Жарқын құрылыс жобалау кәсіпорнында экология, өндіріс қауіпсіздігі, ебекті қорғау және лицензия беру қызметінің бастығы. Сондай-ақ, немерелері Айару, Ай-Әзи, Айсафи, Айрузи, жиендері Қанат пен Кемел де атасының көз қуаныштары болып өсіп келеді.

Бүгінде алпыстың асқарына аяқ басқан ғалым-ұстаздың өнегелі өмірі мен қажырлы еңбегі жастар үшін өнеге және тағлым болары сөзсіз. Бұл өмірлік жол – халқын, жерін, тарихын, мәдениеті мен шежіресін, өнері мен дәстүрін, қазақтың болмысы мен мінезін сүйетін азаматтың еңбек жолы. Содан да болар,  Айтмұхамет Қасымбайұлы қазақтың бай мұраларын жаңғыртуда табысты еңбек етіп келеді.  

 

Жанар ЕЛЕШОВА

«Білік» № 6-7 (187), 23 тамыз 2016 жыл