Филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Ы. Алтынсарин атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі Айман Зейнулинамен болған тартымды әңгімемізді ұсынамыз.

 

ӨМІРІМДЕ МАҒАН ЖАҚСЫ ҰСТАЗДАР КӨП КЕЗДЕСТІ

– Бүгінгі күні жарты ғасырлық өмірлік белесті, 30 жылға жуық еңбек жолыңызды артқа тастадыңыз. Осы уақыт Сізге не берді? Сіз неге жеттіңіз? Жалпы осы уақыт аралығындағы атқарған шаруаларыңызға көңіліңіз тола ма? 

– Хакім Абай атамыздың шығармашылық әлемінде «Толық адам» деп айтып кеткен ұғымы бар. Зор жетістіктері мен атағы  бар азаматтардың өздері «Толық адам» іліміне сай толыққанды, жетілген адаммын деп айта алмайды-ау деймін. Дегенмен, менің балалық кездегі ұстаз болу арманым, әке мен шешемнің «өмірде өз орныңды тап» деп қанымен, тәрбиесімен бойыма сіңіргені өз жемісін берді деп есептеймін. 

Ғылыми-педагогоикалық отыз жылдық еңбек жолындағы мұғалім болам, ғалым болам деген мұраттарыма жеттім. Менің өмірімде маған жақсы адамдар, жақсы ұстаздар көп кездесті. Сол ұстаздарымнан көп нәрсе үйрендім. Олар – өмірлік ұстаздар. Олардан аз сөйлеп, көп тыңдауды, маңдай теріңді төгіп, адал еңбек етуді, хақ жолда жүруді, тағылымды тәрбиелі болуды үйрендім. Жақсы ұстаз болуға, білімді болуға, ғылым жолында көп ізденуге үйрендім. Ұстаздарымнан асып ешнәрсе атқарғаным жоқ. Сондықтан, әлі де үйренудемін. Жалпы мен өзімді адам ретінде әуелі Алланың пейіліне ризамын,  ата-анам, ата-әжем, ұстаздарыма қарыздармын.  

– Ғылым жолы оңай жол емесі анық. Белгілі бір дүниені көпшілікке паш ету үшін, көп тер төгіп, жаныңды беріп, барыңды саласың. Осы жолда әйел адамға отбасы, ошақ қасынан алшақтап кету қаупі бар ғой. Сіз ғылым жолы мен отбасын ұштастыра алдыңыз ба?

– Әрине, дұрыс айтасыз, ғылым жолы өте қиын. Жалпы, қай жол болса да қиын. Бірақ, ол қиын жолдың қызығы мен шыжығын қатар алып жүруге өнер керек, ақыл керек, үлкен жүрек керек. Ия, жетістікке жету жолында түсінікті, көп нәрсе жоғалтасың. Отбасыңа көңіл бөле алмай қалатын кездер де болады. Шындығында бір нәрсемен құрбан етпей екінші нәрсеге қолжеткізу оңай емес. Ол заңды. Алайда уақытыңды үйлестіріп, әр нәрсенің жігін жатқызып, уақытты дұрыс пайдалансаң, жұмысыңда да табысты, отбасыңда  да береке болады. Жасыратыны жоқ, мектеп оқушыларына арналған күнделігім бар, сол күнделікте бір ай бұрынғы жоспарымды жасап аламын, бүгінгі атқарылар ісімді ертеңге қалдырмауға жанымды саламын. Өйткені уақыттың әр сәті қымбат. Мен үшін әр күн – ұлы күн. Бір минут уақыт деген сөз, Бір үзік менің ғұмырым.

А. Зейнулинаның ұстаздары

 

ЖҮСІПБЕК ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ БІР ТӨБЕ БОЛУЫ –
ӘДЕБИЕТКЕ ДЕГЕН МАХАББАТЫМ

– Сіздің еңбектеріңізді саралап отырсақ, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті саласында атқарған көптеген еңбектеріңіз бір төбе де, Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығына арқау болған еңбегіңіз бір төбе секілді. Алаштың аяулы ұлдарының бірі Жүсіпбек Аймауытов шығармашылығын зерттеуге не түрткі болды?

– Өзіңіз дұрыс байқағансыз, оқу-әдістемелік және ғылыми-танымдық  200-ден аса ғылыми мақалалар мен ғылыми еңбектерім жарыққа шығыпты. Ал Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылығына арналған еңбегімнің осы жұмыстар арасында бір төбе болуы – әдебиетке деген махаббатым. Сөз өнері – әдемі жауһар әлем ғой. Біз жоғары оқу орынды тәмамадаған 1987 жылдары көпті таңқалдыратын дүниелерді зерттеуге талпындық. 

Мұхтар Әуезовті, Абайды оқыдық. Олардың бәрі керемет дүниелер. Ал проза, ақ өлең жанрымен жазу – Жүсіпбек Аймауытовтың еншісіне ғана тиген екен. Менің педагогикалық институтта жұмыс істеп жүрген кезім болатын. Бірде, түстенуге үйге келіп, «Жалын» журналынан Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының араб тілінен аудармасынан үзіндісін оқыдым. Жиырма шақты бет екен. Тапжылмай оқып шықтым. Шайым жайында қалды. сабаққа да кешігіп келдім. Менің алғашқы кафедра меңгерушім Махамбет атамыздың ұрпағы, зерделі ғалым Ермек Өтебаевқа оқығанымен бөлісіп, алған ерекше әсерімді жеткіздім.  «Айман, құлдығым, сен әдеби – тарихи жаңалықтың көкесін енді естисің. Бұл кісі жайлы жаңалықтар енді шығады. Оның еңбектері – жауһар, меруерт дүние», – дегені бар. Ол кісі алаштықтардың көп есімдерін атап өтті. Жүсіпбек Аймауытовтың Павлодар өңірінің тумасы, руы «Күлік» болғанынан болар есімде бірден қалып қойды. Өйткені, әжем «Күлік» руынан еді. 

Сол жылы Ж. Аймауытовтың 100 жылдық мерейтойы құрметіне орай ақынның жерлестерінің ортасында яғни, Павлодарда ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференцияға академик Серік Смайылұлы Қирабаев келді. Ол кісінің бас баяндамасында Жүсіпбек шығармашылығы жайында біраз жұмбақ сырлардың басы ашылды. Сол конференцияда мен «Ақбілек» романына байланысты кішігірім баяндамамды жасадым. Ол баяндама Серік Смайылұлына ұнап, «Мына бала аспирантураға оқуға келсінші» деді. Міне, осылайша мен Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылығын зерттеуге кірісіп кеттім. 

Мен аспирантурада оқып жүргенде, қазақ әдебиетінің теориясынан біраз тақырыптар ұсынылды. Ал Серік Қирабаев: «Осы қыз жақсы баяндама жасаған еді. Алаш тақырыбын алсыншы» деген еді. Маған осылайша «Жүсіпбектану» тақрыбы бұйырды. Қолымызда «Ақбілек», «Қартқожаның» үзіндісі ғана болды. Ғылыми жетекшімізбен бірге Омбы, Орынбор, Ташкент, Ресей мен Қырғызстан қалаларының біраз кітапханалары мен мұражайларында болдық. Сөйтіп, қаусап-қаусап мәліметтерді жинап, Жүсіпбектің әдебиетші, теоретик, композитор, ақын, аудармашы, публицист, әнші, қолөнер шебері, әртіс екенін дәлелдейтін құнды құжаттар мен материалдарға тап болдық.  Бұл тақырыпта мақала, монография ретінде әлі жазып жүрмін. Алдыңғы жылы мен Франция мен Италия елдерінде ғылыми симпозиумда болдым. Онда Жүсіпбектанушы ретінде баяндама жасадым. Сол кісілердің қолдауымен «Ж. Аймауытовтың жазушылық шеберлігі» деген атпен монография ағылшын тілінде шықты. Енді орыс тілінде шыққалы тұр.   

ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІН БІР АДАМДАЙ АЙТУҒА,
ЖАЗУҒА ҚҰҚЫҒЫМ БАР

– Сізді көпшілік желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде де таниды. Өміріңіздің осы бір үзігін бірнеше жыл өткеннен соң қалайша бағалайсыз?

– Желтоқсан көтерілісіне міне, биыл отыз жыл болады екен. Отыз жыл бұрын жиырмадан жаңа асқан кезім. Төртінші курс студентімін. Үздік дипломмен оқуды бітіргелі тұрған кезіміз. Оқуды тәмамдап, аспирантураға түсеміз деген мұратымыз бар еді. Мәскеуге барып, оқуды жалғастырмақ ойымыз да болды. Біздің топ ерекше үздік топ болды. Ұстаздарымыз да бізден көп үміт күтті. Бүгінде тобымыздан бір ғылым докторы, үш-төрт ғылым кандидаты, көбісі мектеп директорлары болды. 

Міне, осындай шақта аласапыран басталып кетті. Біз саналы түрде бейбіт митингке шыққан болатынбыз. Бүгінгі күні көп әңгіме айтылып жатады. Бірақ біз бейбіт мақсатта өзіміздің қазақ тілінің жасампаз болуын, қазақ мектебінің ашылуын, қазақ жастарының жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету проблемаларының шешілуін талап етіп шықтық. Өйткені, сол уақытта бұл күн тәртібінің басты мәселелерінің бірі еді. Алты топ болса, соның бес тобы орыс тобы болды, концерт қойғанда да бес нөмірдің біреуі ғана қазақ тілінде болады, тынысымыз тарылып бара жатты. Бұл Алматының қақ ортасында болып жатты. 

Осындай мәселелердің шешімі табылсын деген ниетте алаңға шықтық. Не керек, алты ай бойы түрменің ауызында жүрдік қой. Әлі желотоқсан оқиғасына байланысты шындық ашылмады. Осынша адам қатысты, қанша адам қайтыс болды деген сандар әлі нақтыланған емес. Сондықтан оны алашдықтардың ақиқаты уақыт өте ашылғандай, желтоқсаншылардың да ақиқаты уақыт өте ашылатынына мен кәміл сенемін. Әрине, тағдырымызға әсер етті. Мүмкін мен қазір ғылым докторы болар ма едім. Менің Мәскеуге барып оқысам, жазушы болсам деген армандарым болды. Оның бәрі жайында қалды. Бірақ, менің көңілімді қуантатыны – сол кездегі жастардың қанымен, тағдырымен келген Тәуелсіздіктің арқасында шекарамыздың бекітілуі, қазақ тілімізде сөйлеп жүргеніміз, еліміздің бүкіл әлемге танылғаны. Ендігі мақсат – сол орнатқан тәу етер Тәуелсіздігімізді құлатып алмай, көз қарашығындай сақтап, құнды болуын қамтамасыз ету. Желтоқсан көтерілісін бір адамдай айтуға, жазуға толықтай құқығым бар. Және де сол үшін еңбектенуге тиіспін.   

Әріптестерімен бірге

 

ЖАҚСЫДАН ҒАНИБЕТ АЛАМЫН

 – Сіз мектептерді, аудан, ауылдарды жиі аралап, қазақ тіліне ғана емес, қазақтың дәстүріне, ділі мен дініне, мәдениеті мен тарихына қатысты кездесулерде өз білгеніңізбен бөлісіп жүресіз. Ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысуға уақытты, күш-жігерді қайдан табасыз? 

– «Мәнсіз өткен ұзақ өмірден, мәнді өткен бір күн артық» деп әнде жырлағандай, мен де әрбір күнімнің мәнді өткенін қалаймын. 

Жалпы кез келген адам білімді болуы керек. Білімнің үш түрі бар. Бірінші – адами білім. Жаныңдағы адамдардан көп нәрсені білуге, үйренуге болады. Көп адамдардың қателігі «мен білемінге» салуы. Жүсіпбек Аймауытов айтады екен: «Керемет мінсіз адам болмайды, жаман деген адамның өзінде іліп алар кремет жақсысы болады». Міне, мен де кез келген адамнан жақсы нәрсеге үйренуге тырысамын. 

Екінші, рухани білімге кітап оқу, ән-би, музыка тыңдау, табиғатты тамашалауды, діни сауаттылықты ашуды жатқызуға болады. Жақсы адамдармен араласу арқылы рухани байлыққа ие бола аламыз. Математик мұғалімдермен сөйлескенді жақсы көрем, өйткені оларда ой тәртібі, логика бар. Техника саласындағы  ғалымдар мен білімпаздарда нақтылық, дәлел бар, философтарда  пайымдау шеберлігі мықты, психологтарда зейін, ақыл, ішкі жан дүниеңді  шынықтырудың шеберліктері деген нәрсе бар. Содан кейін, көп оқып, көп тыңдай білу арқылы рухани азықтанамыз. Тіпті шығып тұрған күн, жапалақтап жауып тұрған ұлпа қардың өзі рухани байлық сыйлайды. 

Үшінші білім – кәсіби білім. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі кешегі классикалық білімге бүгінгі жаңа білімді ұштастырып, дамытып, кәсіби білімін жетілдіруі тиіс. Одан кейін қазіргі кезде тілді үйретудің технологиясы туралы көп еңбектер шығып жатыр. Ұстаздың алдында  сол еңбектерді салыстырмалы түрде қарап, оқып, сұрыптап, күнде-күнде білімді арттырып тұру міндеті тұруы қажет. Жалпы бүгінгі күні адамды тек біліммен таңқалдыруға болады. Жауыр болған нәрсені айта бермей, жаңашылдықты ту еткеніміз жөн. Осы үш білімді ұштастыра білген адам білімді адам.

Ауылдарға, мектептерге барумының себебі де жақсы жандардан үйреніп, өзімдегі бармен бөлісуге барамын. Бүгінде мұғалімдер есеп жасап, қағаз басты болып, кейде тіпті, белгілі тақырып аясында сөйлесуге уақыт таба алмайтын кездерін көріп жүрміз.  Жақсымен әңгімелескеннен ғанибет аласың ғой. Сондықтан мен ондай орталарда болғанды ұнатамын, олардан үйренемін, өзімнің білгеніммен бөлісемін. 

Павлодар облысының бүкіл ауылдарында болдым деп айта аламын. Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ретінде, әдіскер ұстаз ретінде, ғалым ретінде де басқа да себептермен шықырып жатады. Бір күні әкімнің, келесі күні мұғалімдердің, енді бірде ауылдың қара домалақтарының алдында не айтатынымды нақты білуге міндеттімін. Қазақстанда тұратын өзге ұлттың өкілін қазақтың туын көтеріп тұрып, мақтанышпен «Мен Қазақстанда тұрамын» деп айтатындай психологияға жеткізуді басты міндет деп санаймын. Сондықтан, қайда жүрсем де  ұлттық құндылықтарды сақтауды айтып жүремін. Әрбір адам ұлтшыл болмаса, тарихы мен салт – дәстүрін білмесе, ділі мен дінін қадірлемесе, жерін қорғамаса, ол ел мәңгілік болмайды.  Кезінде өзімізді де «ұлтжандысыңдар», «ұлтшылсыңдар» деп кіналады ғой, ал бүгін өз елінің патриоты болу – уақыт талабы, ұлт мақтанышы. 

– Сізге сырт көз  «ұлтжанды», «ұлтшыл» деп баға бергенінен қорықпайсыз ба?

– Жоқ, мен қорықпаймын. Мен ұлтшылмын, ұлтжандымын деп мақтанып айтамын. Бұл екі сөздің мағнасы алшақ емес. Екеуі де бір ұғымды береді. Бірақ, ұлт мүддесін сақтау жолында сауатсыз экстримистік, шовинистік саясатты ұстанбау керек. Мемлекетіміздің көп ұлтты екенін әсте, ұмытпаған абзал. Мысалы, менің қанымда татардың қаны бар. Біздің үйде қазақ тілінде, татар тілінде сөйлейміз. «Сен қазақ емессің» деп енді бір-бірімізге бас салып жатсақ, біз ел арасында  ұлтараздықты тудырамыз. Жалпы қазақта да, өзге ұлтта да ұлт араздығын тудыратын адамдар бар. Сондықтан, бұл жағдайда адами құндылықтарды сақтай отырып, әр ұлттың құндылығын үндестіре білу керек деген ұстанымды ұстанған жөн болар. «Қазақ жасасын» деп аттандап кетуге болар еді. Дегенмен, мұнымен еш ұтпаймыз. Өйткені, сіздің қасыңызда өзге ұлттың балалары бар. Мен қазақ тілінде сөйлеуім арқылы басқа ұлттың оқушылары мен студенттерін қазақ тілінде сөйлеуге талап етемін, үйретемін, қазақ тілінде ойлауға шақырамын. Ұстаз ретінде қазақ тілін оқыта отырып, өз ана тілің мен дәстүріңді біл деп үйретіп отырамын. 

Ғибратты кездесу

 

 

ӨНЕРГЕ БАУЛЫҒАН ҰСТАЗЫМ  

 – Естуімше, Сіздің актрисалық біліміңіз бар. Оқырман білмейтін осы қырынан танылсаңыз.

– Бұл әңгіменің төркінін жеткізейін. Менің мектепте керемет ұстазым болды. Өз ісінің шебері, ұлықты ұстаз – Рымтай Омарқызы Рыспаева. Ол кісі әр жазушының шығармашылығына арналған  сабағын  әртіс болып өткізетін. Ұстазымның сабақ беруі ерекше болатын. Ол кісі жаздыгүні оқушылары демалысқа кетерде келесі жылдың бағдарламасына сай оқуға тиісті көркем әдебитеттер тізімін беретін. Сол тізім бойынша жаз бойы оқып келген кітаптарымызды жыл бойына пайдаға асыратынбыз. Кешке мұғалім ертеңгі сабақтың көрнекіліктерін қойып, сыныпты дайындап қоятын. Сынып мектептегі ең үлгілі сынып болатын. Бұл сыныпта шапандар, орамалдар, аяқ киімдер, домбыра сынды көп дүниелер болатын. Бұл кабинет көрмеде бірінші орын алған. Келесі сабақта әлгі мұғалім сыныпта неше адам бар, кім ауырып қалды деп сұрап жатпайтын. Мәселен, Беймбет Майлиннің «Майдан» пьесасын өтіп жатқан болсақ, бірден Пүліштің рөлін сомдап, диалогын айтып кіретін сыныпқа. Мұғалім кімнің фамилиясын атайды сол ары қарай диалогты жүргізіп, Досан не Зәмзәгүл болып сөйлей жөнелуі тиіс болатын. Құдды біздің сабағымыз спектакль болып өтетін.

Институт бітіргеннен кейін мен сол сыныпта үш жыл сабақ бердім. Сондай-ақ, мектебімізде драма үйірмесі болатын. Сол үйірмеде біз «Шықбермес Шығайбай», «Қамар сұлуды» қойдық. Павлодар облысы бойынша алғаш рет өткен қазақ тілі мен әдебиетінің пәндік олимпиадасында мен Қамардың рөлін сомдап, бірінші орынды иелендім.  Бұл – мектептегі ұстазымның жемісі еді. 

Содан бұл өнерімді институт қабырғасында да қолдандым. Асанәлі Әшімов пен Тұңғышбай Жаманқұлопвен кездесу кезінде оқыған өлеңімді, пікірімді тыңдап, ол кісілер: «Мына қыздың дауысы ашық екен. Бізге курсқа кел» деп шақырды. Арамыздан бірнеше қызды таңдап алды. Содан біз аяқ астынан театр институтындағы Асанәлі Әшімовтың «Сахна тілі» деген үйірмесінде екі жыл білім алып, сахна тілі курсын растайтын анықтаманы қолымызға алып шықтық. Оқуымыздың соңында Фариза Оңғарсынованың поэзиясы тақырыбында поэзиялық спектакль қойдық. Бұл менің институтта, кейін жұмыс істеген орындарымда драма үйірмесін жүргізуіме мүмкіндік болды. Павлодар мемлекеттік университетінде де біздің «Дидар» деген драма студиямыз болды. Осындағы көп мұғалімдер де сол студия арқылы өнерлерін паш етті.  

«Қыз Жібек» клубының ашылу сәті

– Сіз университетіміздегі «Қыз Жібек» қыздар клубына да жетекшілік етудесіз. Бұл клубқа жетекшілік етуіңіздің себебін білсек. Бүгінгі қыздар тәрбиесіне көңіліңіз толмағандықтан яки өзіңіз де қыз тәрбиелеп отырғаннан аналық жүрегіңіз тыным бермеді ме? 

– Мен 7000 қыз білім алатын Қазақ мемлекеттік қыздар институты бүгінде Қазақ  мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде оқыдым. Былтыр қара шаңырақ 70 жылдығын атап өтті. Биік табыстарға жеткен түлегі ретінде құрметті қонақ етіп мені шақырып, үздік түлек деп марапаттап, «Құрмет» медалін табыс етті. Бұл марапатқа таңқалдым, қуандым. Біз кезінде «желтоқсан көтерілісіне қатысқандар» деп шулатып бітіріп кеткеніміз бар еді. Олар өздерінің түлектерінің өсіп-өнгенін бақылап, қандай жетістіктерге жеткенін байқаған екен. Бұл  орденді көп адамға бере қоймапты. Сол біраз адамның ішінде сенат депутаты, қазақ тілінің жанашыры Оразгүл апамыз да бар. 

Кезінде студент болып жүргенде мен «Муза» деген клубтың мүшесі болғанмын.  Клубты Бақтажар Мекішев деген керемет өнертанушы ағамыз жетекшілік етті. Сол ағамыздың арқасында біз Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Зейнеп Ахметова сынды тұлғалармен кездестік. Бұдан өзге, біз қазақ қызының тәрбиесі туралы лектория оқыдық, өзіміз соны үйрендік. Спорт, ән байқаулары, «Қазақ аруы», «Бұрымды қыз», «Білімді қыз», «Қыз сыны» сияқты сайыстарға ұйытқы боп жүріп, жүлдегерлері де болдық. Міне қызық, 27 жыл өткеннен кейін Ертістің Павлодар өңірінде, біздің қара шаңырағымызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, Гүлшара Әдіқалықованың келуімен, Дін істері жөніндегі агентгінің қолдауымен «Қыз Жібек» қыздар клубы ашылды. Ал жетекшілікке келер болсам, ректорат мені бір ауыздан қолдап, клуб тізгінін берді. Қыздарымызбен екі рет республикалық деңгейде онлайн конференцияға шықтық. Республикалық қазақ қыздарын тәрбиелейтін толымды пилоттық жобалар ұсындық, ол жүзеге асырылды. Біздің ұсыныстармыз ескеріліп, қабылданды. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде, Атырау, Шымкент, Өскемендегі «Қыз Жібек» клубтары ашылып жатқанда, бізді үлгі клуб ретінде көрсетті. Біздің клубтың ерекшелігі, мен мүшелікке жігіттерді де шақырдым. Қыздардың кемшлігін білу үшін сырт көз керек. Жігіттерді шақырып, олардан бүгінгі қыздардың артықшылығы мен кемшілігі, оларға қандай қыздар керек  деген мәселелер төңірегінде сөз қозғадық. Отбасында бір ғана қызды тәрбиелеу жеткіліксіз ғой. Қыздарымыз да жігіттердің талабын білуі қажет. 

Қыз тәрбиесі деген сөз – ол ертеңгі біреудің жары, анасы, енесі, әжесі. Абзал ана, ақ жаулықты әже, ақылды ене атануың үшін бүгін жақсы қыз болуың керек. Сондықтан, «Мұсылман әйелдері» лигасы әжелерімен, Ішкі істер департементі қызметкерлерімен, байқамай қылмыс жасаған жастар, ерте отбасын құрған жастармен, жалғыз басты қарттармен кездесулер ұйымдастырдық. Бұл кездесулердің мұраты – үлкендерден ғибрат алсын, шалыс басқандардан сабақ алсын деген ниет болды.

Сонымен қатар, қыздарымыздың сұлулығы мен рухани сұлулығына мән беруді, тіпті, киім кию әдебіне мән беруге тырыстық. Өзімізден бастайық деп, кафедра оқытушылары қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдарын тағып жүреміз. Бұл да насихат. Кішкентай болса да ұлттық нақыштағы атрибуттары бар киімдер киіп жүруді әдетке айналдырып жүрміз. Мұның бәрі «Қыз Жібек» клубының аясындағы жұмыстардың нәтижесі. Клуб есігі өзге ұлт өкілдерінің қыздарына да ашық. Клубта біз қыздарға қазақи тәрбиемен қатар, жалпы әйел адамның бақытқа жету жолындағы тәлімді жеткізуді мақсат етеміз. 

  

ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ – БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМ

– Ғалым, қоғамның белсенді мүшесі, ұстаз, жалпы жан-жақты білімді адам – бүгінгі Айман Зейнулинаның отбасы, әке-шешесінен алған тәрбиесі, тағлымы қандай болды?

– Қарапайым жұмысшы отбасында бес бала өстік. Мен үйдің тұла бойы тұңғышымын, ата-әжемнің баласымын. Әкем Файзолла демалыссыз қырық бес жыл бойы ауылда механизатор болып еңбек етті. Әкемнің «Еңбек Ері» деген атағы бар. Ол кезде басқаша айтылатын «Қызыл Ту» орденінің иегері. Ол кісі атаулы механизатор болды. Беларус еліне екі рет  барып, өзінің тракторын өзі алып келген кісі. Әкеме жақын болып өстім. Шешем – сабырлы, ақылды, қатал, стратегиялық ойлай білетін жан. Мен отбасымда жақсы тәрбие алдым. Бұл кісілер үш-ақ нәрсе айтатын: біреудің ала жібін аттама, арам пиғылың болмасын, екінші: маңдай термен адал еңбек ет, үшінші: көпшіл, қарапайым бол дейді. Көпшіл бол дегені көпке жақсылық жаса, көппен үйрен дегені, ал қарапайымдылық – менің басты байлығым. Өмірде жетістікке жеткенімнің себебі осы ұстанымға адал болғанымның арқасы деп білемін. Әрине, кейде пендешілікке салынып кеткен сәттер болып жатады. Өзіме талапшылмын. Әр тірлігімді уақытында, сәтінде бітіргенді ұнатамын. Әке-шешем: «бүгін бітіретін тірлігіңді бүгін аяқта», «еріншектің ертеңі бітпес» дейтін. Шешем маған аналық, әйелдік, балалық міндетіңді ұмытпау керектігін айтып отырады. Сондықтан мен туған-тустың қызығы мен шыжығының басы-қасында жүремін. Анам бойыма сіңіріп қойған бір қасиет бар: қашанда отбасылық міндет мен үшін басты міндет болып саналады. Менің қашанда қазаным қайнаулы, шайым дұрыс қоюлы, соғымым союлы, қазақтың мәрт дастарханы жаюлы тұрады. Бұл – менің әйелдік міндетім.

Әйгерім есімді қызым бар. Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, сол мамандық бойынша магистратурада білім алуда.  Мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Қызыма мектепте жұмыс істеуге өзім кеңес бердім. Өйткені, мектептің есігін ашып көрмеген ғалымдар бар. Кейін ғылым жолына түсіп жатса, балабақша, мектептің де мәселесін білуі қажет деген ниет ғой бізде. 

– Өмірлік ұстанымыңыз? 

– Жалпы менің өмірлік ұстанымым – Ұлы Қазақ Елінің ұлттық құндылықтарын сақтап, насихаттап, тәрбиесімен өмір сүру, Ұлттық Рухты биік ұстау, адал еңбек ету, қарапайым болу. Әке-шешем бойыма дарытқан асыл құндылықтарды қызыма сіңіріп келемін, қоғамға берудемін. Әлі де берерім көп. Менің отыз жылдық еңбегімді бағалаған Ертістің Павлодар өңірінің зиялы қауымына, кафедра, деканат, жалпы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ұжымы мен басшылығына алғысым зор. Талай-талай марапат алдым. Мұның бәрі ұжымымның, шәкірттерімнің кішкентай еңбегімді бағланғаны деп білемін. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді ғой. Шәкірттерім бүгінде әр салада, әсіресе білім мен ғылым саласында табысты еңбек етіп жүр. Көріп қалса, алғыстарын айтып, ризашылқтарын жеткізіп жатады. Мен үшін одан асқан бақыт жоқ! Ең бастысы, Ұлы Қазақ Елімнің атамекені тыныш, табысы толағай мол, ұрпағы білімді де парасатты, өркениетті ел қатарында тұғыры биік болсын! 

–Тағылымды әңгімеңізге рахмет!

 

 

    Сұхбаттасқан Жанар ЕЛЕШОВА

«Білік»  №1 (183), 27 қаңтар, 2016 жыл.