9 мамыр – Жеңіс күні – ең қымбатты, қуанышты да қайғылы, мәртебелі мереке. Біз отбасымызбен бұл күнді қуана қарсы аламыз. Бұл күні біз әкеміздің әскери фотоларын қарап, қолжазбаларын оқимыз. Әр қараған сайын алғаш реттегідей қобалжып, көзімізге жас келеді. Әкем Құлхан Бейсембаев Мәскеуден бастап Берлинге дейін кескілескен майдан жолымен өткен.

Бала кезімнен оның әңгімелерін тыңдап өстім. Әкеме әскери баяндамаларды жазысуға көмектесе жүріп, мен әкемнің айтқан сөздеріне терең зер салмаппын. Кейін уақыт өте келе, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің біз үшін өте қымбат екенін түсіндім. Әкем әрдайым соғыста барша кеңестік халықтардың жұмыла біріккенінің арқасында қол жеткізгенін айтып отыратын. Соғыс жайлы еске алғанды ұнатпайтын. «Бұл соғыстың болмай-ақ қойғаны жақсы еді. Себебі соғыс жақсылық әкелмейді», – деп айтатын ол.

Әкем 1917 жылы Бастау ауылында, қарапайым отбасында туған. 1937-1941 жылдар аралығында Алматы қаласындағы тау-кен институтына оқуға түседі. 1941 жылы осы институтты бітіріп, қолына инженер-металлург дипломын алады. Бірақ маусымның 22-сінде соғыс жарияланып, институтты енді бітірген әкем елге, отбасына оралудың орнына Кеңес әскері қатарына шақырылады. Жас маман ретінде Мәскеудегі Сталин атындағы механизация-моторизация академиясына курсқа жіберіледі. Төртінші курсында әкем бірінші Беларус майданына аттанады. Әкем соғыс кезінде қатты жараланған-ды. Жүрек тұсынан қадалған граната ұшқынымен өмір бойы жүріп өтті. Майданда көрсеткен ерліктері үшін ол кісі алғыс хаттар және медальдермен мараптталады. Оның майдан даласында істен шыққан танктерді жөндеп, қайта іске қосқан еңбегі соғыс штабында жоғары бағаланып, мынадай мемлекеттік наградалармен марапатталды: «Қызыл жұлдыз» ордені, 1-ші және 2-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендері, «Варшаваны азат еткені үшін» медалі, «Берлинді алғаны үшін» медалі.

Әкем 1947 жылдан бері Майқайың алтын комбинатында еңбек етті. Сол жылдары анамды кезіктіріп, отбасын құрды. Анамызбен 45 жыл тату-тәтті өмір сүрді. Отбасымызда жеті бала өстік. Әкем бәрімізді бірдей жақсы көретін. Бәрімізді бірінші сыныпқа өзі жетектеп апарып, соңғы қоңыраумызға өзі қатыстын еді. Жетеумізді де жоғары оқу орнына білім алуға жол сілтеп, бізбен бірге оқығандай күн кешті. Оның әскери жолын қуған үлкен әпкеміз ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінде әскери аудармашы қызметін атқарды. Ұлдарының бәрі техникалық мамандық иелері. Қазір балаларынан он төрт немере, он төрт шөбере тарап отыр.

Біз әулетімізбен жыл сайын екі үлкен мейрамда бас қосуды әдетке айналдырғанбыз. Жаңа жыл және Жеңіс күні бәріміз жиналып, мәре-сәре болып, өткен-кеткенді еске алып, әкеміздің ғибратты сөздері мен тағылымды істерін оның немерелері мен шөберелеріне аманат етуді жөн санаймыз. Бұл күні біз Екібастұз қаласына әкеміз жерленген зиратқа барып, ол кісіге құран бағыштаймыз. «Мәңгілік алауға» барып, гүл шоқтарын қойып, жауынгерлер аруақтарына тағзым етеміз.

Әкем әрдайым: «Менің бақытым – менің балаларым» дегенді жиі айтатын. Біз әкеміздің көзі тірісінде айтулы күндер қарсаңында дастархан басына жиналғанда, әкем бәріміздің істеген істерімізге баға беріп, мақтайтын немесе сынайтын.

Әкем балажан адам еді. Мектепке оқушылармен кездесуге жиі барып тұратын. Ол: «Сендердің жеңістерін – оқу», дейтін. Сонымен бірге, саяси пікір-таластарды ұйымдастырғанды ұнатушы еді. Көп оқығанды жақсы көретін. Біздің үйде газетті жыртуға, пешке тастауға болмайтын. Газеттің басына мақала не жайында жазылғанын жазып қоятын әдеті бар еді. Содан соң, кім қандай мақаланы оқуы тиіс екеніне ұсыныс жасап, әр мақаланың тұсына әрқайсымыздың есімімізді жазып қоятын. Әкеміздің мұндай газеттері үйімізде әлі сақтаулы. Студент кезімде әкеммен жиі хат алысатынмын. Қазір ойлап қарасам, ол үйде отырса да, менің сабағымның қалай оқытылып жатқанын ойлап, алаңдаған екен. Хатпен бірге зейнетақысынан ақша да салып жіберетін.

Әкем бұл Жеңіс тыл ардагерлерінсіз мүмкін болмас еді дейтін. Анамыз да тыл ардагері болды. Ол кісі: «Аналарың сияқты адамдар арқасында жеңіске жеттік» дегенді аузынан тастамайтын.

Отбасымыз өте тату еді. Әкем көп ұрыспайтын. Ол бір рет айтатын және сол айтқанды орындамасақ, әкем: «Біз дос болмаймыз» деуші еді. Әкемізбен осы бір достық қарым-қатынасты жоғалтпау үшін бәрін жасайтынбыз. Әкемізбен бірге өткен әрбір сәт біздің жүрегімізде мәңгі сақталып қала бермек.

Мұрат Бейсембаев,
техн.ғ.к., қауымдастырлыған профессор,
С. Торайғыров атындағы ПМУ доценті,

Гүлмира Бейсембаева,
экономика ғылымының магистрі,
С. Торайғыров атындағы ПМУ
«Қажы және есеп» кафедрасының аға оқытушысы.

«Білік» № 5 (178), 2015 жыл, 15 мамыр