Абай мен Гете
Г.Бельгер қазақтың тілі мен әдебиетінің құдіретін меңгеруде Абайды танудан бастау алғаны сөзсіз. Оның Абайды тануы Гетені түсінуден басталуға тиіс еді. Қаншама қазақша оқып, қазақ ауылында өскенімен, өз ана тілінде жазуы мүмкін ғой. Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Ол әуелі ұлы Абай арқылы Гетенің сөз өнерінің табиғатын тапты. Гетенің әйгілі «Жолаушының түнгі жыры» атты өлеңін ол Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлеңін оқып барып, Лермонтовтың «Тау шыңдары» арқылы таныды. Бельгер Абай мұраларын тану, оны зерттеу мәселелерімен айналысып, «Үндестік», «Гете және Абай» (екеуі де орыс тілінде) деген ғылыми – зертеу еңбектер, «Шың», «Туыстықтың жанды өрнектері» (неміс тілінде), «Асылға абай болайық» («Қазақ әдебиеті», 1985, 9 мамыр), «Ақындар сыры» («Простор», № 2, 1992) т. б. қазақ, орыс, неміс тілдерінде оннан астам мақала, «Мұнартау» («Жалын», № 1, 1974) атты көркем әңгіме жариялады. Бұл еңбектерінде ол Абайдың сан қырлы шығармашылық дарынына, ақындық құдіретіне, жаңашыл дәстүріне шолу жасады. И. В. Гете мен А.Құнанбаев шығармалары үндестігінің философиялық, эстетикалық, этикалық, психологиялық заңдылықтарын талдады. Гетенің «Жолаушының түнгі жыры» шығармасы негізінде туындаған М. Ю. Лермонтовтың «Тау шыңдары» мен Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңдеріндегі поэтикалық рухани бірлігін, әлеуметтік ой толғауындағы жақындық пен тамырластықтың түп төркінін ашып көрсетті. Абай өлеңдерінің орыс тіліне аударылуындағы жай-күйіне, ақынның кемел ойы мен көркем теңеулерін тәржімелеудегі кемшіліктерге, текстолгиялық ала-құлалықтарға, жаңсақ жазылған сөздерге тоқталды, оның түсініктемесін берді.
Сөз шебері
Сөз қадірін терең түсінетін сырбаз қаламгер сырты жылтыраған арзанға қызықпай, іші мағыналы қымбаттың сырына терең үңіліп, шындықты шыңғыртып айтатын ақиқатшыл ұстанымы бір төбе. Ол сыры мол тақырыптық, идеялық-керкемдік, философиялық байланыстардың қырларын жан-жақты байқап, салиқалы оқиға желісімен жазатын шеберлігі бар ойшыл жазушы.
Герольд Бельгер шығармашылығындағы сөзінің шымырлығы, қуаттылығы, бейнелілігі, терең мағыналылығы, қазақи өрнектілігі шынында да таңқаларлық. Құтты бір аяулы әкеңнің, абыз атаның, сырлас құрбыңның, ұлағатты ұстазыңның сыры терең әңгімесін тыңдап, өмір мен тағдырдың қадір-қасиетін түсінетін жағдайға жеткізетін сезімде болатыны хақ. Оның жазушылық шеберлігінің құпиясы да осында болса керек!
Аудармашылық өнері
Ол аударма заңдылығы мен қазақ әдеби тілінің, көркем шығарманың аударылу өрнегі туралы ғылыми ой түйіндейді. Мәселен, ол: Абайдың кез келген бір жолын орысшаға аударып көріңізші. Аудара алмайсыз! Әлденеше вариант жасап, түсініктеме, сілтеменің көмегімен мән-мағынасын әзер түсіндіресіз. Мысалы:
Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?
Қай жеріңнен көңілге куат қылдық,
Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?
Бір қарағанда бәрі де түсінікті сияқты. Ал енді орысшалаңызшы. Ай, қиын-ау! деп сынай ой тастап, мысал келтірейік – екі ғана сөз – «бойы бұлғаң» дегенді орысша қайтып бересіз? Бір академик «хвастун» депті. Ал, шынында, бір «бойы бұлғаңды» орыс тіліндегі «гуляка», «праздно шатающийся», «воображуля», «нарядно одетый», «выхваляющийся», «бездельник», «спесивый», «пустопляс» сықылды сөздердің бәрі қосылып, мағынасын бере алмайды. Абай сөзінің салмағы дегенде мен оның осы қасиетін айтамын, – деп дұрыс аудару мәнерін көрсетеді, қатты сын айтады. Сөз жоқ, ойы құптарлық!
Абайды оқысам, Гетені танығандай боламын
Асылында, Герольд Бельгер жанының қазақилығы, ойының тереңдігі, сөзінің өрнек-өрімі дарыны мен талантында десек, ал оны Қазақ ұлтына пайымдай білуі терең ұлтжандылығында, өмірге деген сүйіспеншілігінде жатса керек. Қазақ Ұлтына, оның сөз өнерінің жауынгері болуына мына бір жай әсер еткен сияқты. Естелігіне көңіл аударайық:
Өз басым Абаймен тоғыз жасымда кездестім. Ол кезде қазақ мектебіне оқуға түсіп, қазақ тілін енді-енді үйрене бастаған едім. Оқу программасы бойынша мұғаліміміз Күлшара Қасымова Абайдың «Қыс» аталатын өлеңін үйден жаттап келуге тапсырма берді. Есілдің жағасындағы кішкене қазақ ауылы қарлы боранның астында қалған. Сол жылғы қыс сұмдық қатал болды. Біз бұрынғы дәрігерлік пункттің бір бөлмесін паналап отырғанбыз. Терезені жел ұрғылайды. Кішкене қаңылтыр пештің іші гу-гу етеді. Жетілік шамның сығырайған жарығының астына алба-жұлба оқулығымды қойып, күбірлеп Абайдың өлеңін оқып мен жатырмын.
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы – ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды…
Мен Абайдың өлеңін оқысам, анам кішкене қарындасыма әлдилеп немісше өлең айтады:
Roslein, Roslein, Roslein rot,
Roslein auf der Heiden.
Шешемнің айтып отырғаны – кейін білдім – Гетенің «Даланың раушан гүлі» атты өлеңі екен. Сөйтіп, менің санама Гете мен Абай бейнелері қатар сіңіпті. Бірақ Абайды бұрынырақ танығаным рас. Өйткені біздің ауылда үлкен-кішілер Абай өлеңдерін, Абай әндерін көп айтатын. Ауыл сахнасында «Абай» спектаклін қоятын. «Абай жолы» романын елдің бәрі таласып оқитын… Қазақ тілін еркін игеріп алған соң, өзім де Абай тереңіне бас қойдым. Кейініректе Гетені іздеп таптым. Енді екі ұлттың екі заңғар биігіне қарап отырамын да, таң-тамаша қаламын. Гетені оқысам, Абайды танығандай боламын. Абайды оқысам, Гетені танығандай боламын. Тілі басқа, тілегі бір ақындарды түпнұсқадан оқып, түсінгенім үшін әжептәуір марқайып қаламын.
Міне, талант пен дарындылықтың, парасаттылық пен жазушылық шеберліктің бастауы, қайнар көзі, қуатты күші осы болса керек!
Ұтқыр журналист, очеркші, романшы, хикаяшы, әңгімеші, аудармашы, зерттеуші, сатирашы, көсемсөзші, күнделік өрнектеуші боп та кете беретін шығармашылық кеңістігі кең Герольд Бельгер әлі де жазары бар.
Жазушының өрнек-өрімі
Қазақ халқы eжeлдeн тұспалдап, жұмбақтап сөйлeyдi сүйeдi. Жұмбақтап сөйлey көбiндe әзiлдey, сынаy, сырласy үстiндe айтылады. Сыншыл бoлy үшiн әр нәрсeнiң жалпылық жәнe жалқылық eрeкшeлiктeрiн, oртақ жәнe oқшаy бeлгiлeрiн ажырата бiлy кeрeк, заттың жаратынды жәнe жасанды қасиeттeрiн жақсы түсiнyi шарт. Сыншы сoнда ғана бiр нәрсeнi eкiншi нәрсeмeн салыстыра, шeндeстiрe алады, нeгiзгi бeлгiсiн жазбай таyып, тыңдаyшысына жeткiзe бiлeдi. Осы жолда Г. Бельгер де өз ғұмырында ұлтымыздың сөз өнерін жете меңгеруге, табиғатын терең түсінуге ерекше еңбек етіп, ең бастысы, «бір қазақтай» Қазақ Еліне еңбегі сіңген азамат ретінде мақтан тұтатынымыз сөзсіз.
Герольд Бельгер шығармашылығындағы танымдық мәнi тeрeң мeтафoралардың халықтық қyаты басым, көп сырлы, сан салалы. Oның тiл кeстeсiн сyрeттi жeткiзeтiн сөз өрнeктeрiнiң қалың тoбы oбразды фразeoлoгизмдeр бoлса, oлардың көбi мeтафoралы тiркeстeр eкeнiн көрeмiз.
Мeтафoралық тiркeстeр нысанды тyра атамай, дeрeксiз ұғым мeн дeрeктi ұғым байланысып кeлiп, бeйнeлi түрдe аyыспалы мағынада атайды. Мeтафoралық тiркeстiң көркeмдiк пoэтикалық қызмeтi eкi нысананың жeкeлeгeн ұқсастықтары мeн бeлгiлeрiн тeңдeстiрiп, oйды бeйнeлi түрдe жeткiзyдi көздeйдi. Оның жазушылық қарекеті әлeyмeттiк мәнi бар тақырыпқа құрылyы, әңгiмe өзeгiнiң дәлeлi бoлyы, тыңдаyшыларға әсeр eтeтiн эстeтикалық қасиeтi бoлyы, тыңдаyшыларын бeлгiлi бiр iс-әрeкeткe ұмтылдыратын сөз бoлyы, айқындылығымeн түсiнiктiлiгi оқырманға ерекше әсер етеді. Қаламгер oйындағы ұғым-түсiнiктeрдi мeтафoралық қoлданыстар арқылы бeйнeлi, әсeрлi қылып жeткiзeдi.
Ойымызды түйіндесек, Г.Бельгердің шығармалары Қазақ Елінің тарихына, мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне шынайы махаббатпен терең бойлаған руханияттылығы биік әлем.
Айман ЗЕЙНУЛИНА,
ф.ғ.к., профессор, С.Торайғыров атындағы ПМУ
«Қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі
«Білік» № 1 (174), 29 қаңтар 2015 жыл