Білім – бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ – әлдекімнің азығы
Мұхтар Әуезов

(Өңіріміздің айтулы азаматы, ұлағатты ұстаз, тағылымды ғалым Олжабай Қайкенұлы Жармакин туралы бірер сөз)

Олжабай Қайкенұлы Жармакин – жарты ғасырға жуық педагогика саласында тынбай еңбек етіп, бірнеше толқын студенттерді тәрбиелеп шығарған, өзіндік мектеп қалыптастырған, лингвистика ғылымында өз қолтаңбасын айқындап тұратын құнды туындыларымен дараланған ұстаз, неміс тілінің маманы, филология ғылымының кандидаты, профессор.

Ғалымды мерейлі, кемел шағымен құттықтай отырып, көпшілік оқырман қауымды Олжабай Қайкенұлымен кенінен таныстыруды жөн көрдік. Ұстаздық – ұлағатты да шапағатты ұлы іс. Осыны Олжабай аға жақсы түсініп, тереңнен пайымдай білді. Ол хакім Абай айтқандай, жалықпай ұстаздық етіп, бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, лингвистика саласын жан-жақты зерттеген ғалым.

Ғалым ғұмырнамасы

Жармакин Олжабай Қайкенұлы 1935 жылы 28 қаңтарда Павлодар облысы Куйбышев (қазіргі Ақтоғай) ауданында қазақтың қарапайым, еңбекқор отбасында дүниеге келген. Әкесі Жармакин Қайкен 1905 жылы дүниеге келіп, тоқсан жасында дүниеден озған. Артына бес перзент қалдырды. Шаруақор, ісмер адам болған. Соғыс жылдары кезінде ол қазіргі Ақсу аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Анасы да қарапайым, үй шаруасын дөңгелетіп, бала тәрбиесімен айналысқан. Қазақы тәрбиені бала кезінен бойына сіңіріп өскен Олжабай аға 1952 жылы Абай атындағы Ақтоғай орта мектебін күміс медальмен тәмамдайды. Кейін ол Алматыдағы шет тілдер педагогикалық институтында «Неміс тілі» мамандығы бойынша білім алады. Аталған институтты 1956 жылы қызыл дипломмен бітіреді. Араға екі жыл салып 1958 жылы жұбайы Нұриламен отау құрып, шаңырақ тұрғызды. Үш бала тәрбиелеп өсірді. Үлкені – Бақытжан, кішісі – Бауыржан. Екеуі де дәрігерлік қызметте еңбек етіп жүрген жандар. Ортаншысы – Гүлнәр. Ол Новосібір жоғары оқу орнын жәңе Қарағанды мемлекеттік университін бітірген. Мамандығы экономист-заңгер. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінде бөлім бастығы болып қызмет істейді. Балаларынан тоғыз немере, бес шөбере тарады. Бүгінгі күнде адал жар, сүйікті әке, абыз ата болып отырған Олжабай аға балаларына берген тәрбиесі еш кетпегенін айтып, жемісін көріп отырғанына шүкіршілік етеді.

Еңбек жолы

Олжабай Қайкенұлы еңбек жолын 1956 жылы туған мектебінде неміс тілі пәнінің мұғалімі ретінде бастайды. 1959-1961 жылдарда аудандық комитет комсомолының бірінші хатшысы болып, аудандық комсомол ұйымын басқарды. 1961-1962 жылдары ол ұстаздық қызметке қайта оралып, Ақтоғай ауданының Октябрь сегіз жылдық мектебінде директор қызметін атқарады. Уақыт өте келе Олжабай Қайкенұлы біліктілігін арттыру мақсатымен 1962 жылы Петербор қаласындағы Ленинград мемлекеттік университеті жанындағы екі жылдық шет тілдер курсына дәріс алуға барады. Ресейдің әсем қаласында оқып жүрген шағында еуропа үлгісіндегі классикалық лингвистикалық білім алып қана қоймай, сонымен қатар талантты жігіт өзінің жалпы адамзаттық мәдениетін көтеріп, дүниетанымын кеңейтуге ұмтылыс жасайды. 1964-1965 жылдарда Павлодар педагогикалық институтындағы еңбек жолы басталады. Осында шет тілдер кафедрасы меңгерушісі қызметінде 28 жыл бойы еңбек етеді. 1971 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды, ал 1973 жылы Кеңестер Одағының Жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен оған шет тілдер кафедрасының доценті ғылыми атағы беріледі. Қазақ елі егемендік алған жылдары мемлекеттік қызметкерлер қажет болғандықтан, Олжабай Қайкенұлы 1992-1997 жылдар аралығында мемлекеттік қызметте болды. Алдымен облыстық әкімшілік басшысының кеңесшісі, ал кейін тілдерді дамыту бойынша облыстық басқарманың басшысы болды. 1997 жылдың қыркүйек айынан бастап, бүгінгі күнге дейін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Шетелдік филология және аударма ісі» кафедрасында профессор болып қызмет етіп келеді. Павлодардың жоғары оқу орындарында қызмет етіп жүрген жылдарында ол 50 ғылыми мақала, 2 монография жазды және 5 оқулықты студент қауымның игілігіне шығарды. Оның ерен еңбегі жоғары бағаланды. Ол «Ерен еңбегі үшін» (1978 ж.) медалімен, «КСРО ағарту ісінің үздігі» (1973 ж.), «КСРО ЖОО министрлігінің жұмысындағы үздік жетістіктері үшін» (1974 ж.), «ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері» (2001), «Облыс алдындағы еңбегі үшін» (2003 ж.) сияқты төсбелгілерімен марапатталды. Қашанда «Ұстаздық – ұлы іс. Оның нәтижесі әрқашан алдыңда тұрады. Еңбегіңнің жемісі шәкіртіңнің алған білім деңгейінен, адамгершілік қасиетінен байқалады», - деп айтып жүретін Олжабай ағамыздың еңбек жолы мен ғұмыры баршамызға үлгі боларлықтай.

Әке сөзі – өсиет, ана сөзі – қасиет

Қиын-қыстау заманда дүниеге келген Олжабай ағамыздың ата-анасының да өмірі өнеге мен ғибратқа толы. «Жасым ұлғайған сайын әкем мен шешем туралы көбірек ойлайтын болдым. Кейде «шешеміз не көрді өмірден?» деймін. Ой жүгіртсем, ол кісі жарқылдатып киім кимепті, ойын-сауық, қызық-думан көрмепті, серуендеп, ел қыдырып жүрмепті. Бар өмірі бала-шағасын тәрбиелеп, асырап, отбасының күйбең тірлігінен аса алмаған секілді. Алайда шешем қазақтың қара сөзіне жүйрік еді. Мақал-мәтелдеп сөйлейтін. Айтқан сөзі – тәлім, әңгімесі – тағылым, тыңдаған адам ғибрат алатын. Парасаты биік, ақылы дария анамыздың асыл қасиеттерінен нәр алып өстік», – деп әкесі мен анасы жайында еске алады.
Үй ішіндегі балалардың үлкені Олжабай болғандықтан, әкесі оқытып, жоғары білім алуына, аспирантураға түсуіне жағдай жасайды. Кандидаттық қорғап, ғылыми атаққа да қол жеткізеді. Бұл жайында Олжабай аға былай дейді: «Мен аспирантураны бітіргеңде әкем алпыс жасқа келді. Мені шақырып алып: «Балам, саған отыз бес жасқа келгенше оқуыңа кедергі жасағаным жоқ. Енді мен зейнеткерлік жасқа келдім. Еліме, халқыма, отбасыма еңбегім сіңді деп есептеймін. Енді өз мойнымдағы барлық міндетті саған артамын. Осыдан былай қарындастарың мен інілеріңнің білім алуы, үй болуы, көшелі азаматтар қатарына қосылуы сенің жауапкершілігіңде. Саған айтар өсиетім де, аманатым да осы» деді. Жігіт әкесінің асыл аманатын орындады, берген сөзінде тұрды. Інілері де, қарындастары да жоғары білім алды, отау тігіп, тұрмыс құрып, бір-бір үй болды. Бәріне де қол үшын беріп, көмек көрсетті. Сөйткенше өз балалары да ер жетіп, олардың қамын ойлауға тура келген. Бұл тұста да әкелік міндетін абыроймен атқарады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырады. Ия, Олжабай ағамыз осындай, жауапкершілігі мол, тағылым-танымы зор, өмірде арқалаған жүгі тым ауыр болғанына қарамастан, қара нардай қасқайып көтере білді. Ол ауыр жүктің бірі – әке аманаты, екіншісі – ғылым. Ол екі жүкті де діттеген жеріне жеткізіп, абыройға бөленді.
Олжеке сексеннің сеңгіріне келсе де әлі тың, сергек. Оны көрген кезде «Ұстаздың жаны қартаймайды» деп айтқан бір ауыз сөзі еске түседі. Шынымен де ұстаздың жаны еш қартаймайды, аты өшпейді. Ол Отанын, елін, жерін, тілін қадірлейтін, рухани дүниесі бай, жаны таза ұстаз екенін ел біледі, шәкірттерінің есінде. Аға буын ретінде жүздеген шәкірт тәрбиелеп, соңынан ерген қызметтес әріптестері арасында кеңпейіл дарқан азамат ретінде бедел мен құрметке ие.

Түйін. Ол бейнебір тау іспетті, жақындаған сайын алыстай бермек, үңіле берсең тереңдей бермек. Шетсіз, шексіз әлем. Ол кісінің жазған ғылыми туындылары студент қауымы мен ғылымға енді қадам басып келе жатқан ізбасарларына темірқазықтай жол сілтеп, бағытын айқындап тұратыны даусыз. Алдағы уақытта да ғылыми еңбектер қатары толыға түссін, қаламының қарымы кемімесін деп тілейміз.

Мәдениет СҮЛЕЙМЕНОВ

«Білік» № 1 (174), 29 қаңтар 2015 жыл