Бүгінгі әңгіме қазақ қолданбалы өнерінің хас шебері Бақыт Жәлелұлы турасында болмақ. Оның қолынан шыққан әрбір дүниесі қазақ халқының маңғаз мінезін, асыл тектілігін, бар болмысы мен қасиетін ашып тұрады. Сондай-ақ көре білген жанға ол жасаған бұйымдарда оның адамдығы, мінез дархандылығы, бар қазақы болмысы көрініс тапқан.

Бақыт Жәлелұлы 1937 жылы Железин ауданы Прииртышск ауылында шеберлер әулетінде дүниеге келді. Ол бала кезінен қолданбалы өнерге қызығушылық танытты. Қазақтың байырғы зергерлік, ұсталық, ағаш өңдеу өнерін атасы Сағындықтан, кейін әкесі Жалелден бойына сіңірді. Бақыттың әкесі Жәлел Сағындықұлы өндіріс комбинатының басшысы болып қызмет етті. Бақыттың бала кезінде көп тұрмыс заттары қолдан жасалатын еді. Ойын баласы жүгіріп жүріп, әкесінің еңбегіне қанығып өсті. Сағындықовтар әулеті Баянауыл жерінен тамыр жайып, қазақы тектілік қаситетіне тұнып-ақ тұрды.

 Бақыт Жәлелұлы бір сөзінде: «Барлығы Алланың қолында. Бүгінгі білгенім бала кезімде асылдың тұяқтары бұрынғы шеберлерден үйренгенім. Күндердің күнінде сол естеліктер менің ұсталықпен айналысуыма себепші болды. Бірақ, мен ешқашан осы істі меңгердім, білдім деп мақтан етпедім», - деген еді. Бақыт ағаның бұл сөзі оның кішіпейіл, қарапайым екенінің көрінісі болса керек. Бақыт Жәлелұлының туған-туысқандары, әріптестері, достары оның дәл осы қасиеттерін ерекше бағалайды. Бұхар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде осы жылдың 13 қарашасы күні Бақыт Сағындықовты еске алу кеші өтті.

Бақыт Жәлелұлы жанжақты сегіз қырлы бір сырлы азамат. Көп жылдар ол кісі геолог болып қызмет етті. Ол қарапайым маманнан басшылық қызметке дейін көтерілді. Қазақ бағына біткен ұсталық өнерді бойтұмар еткен Бақыт аға Бресттен бастап Камчаткаға дейін, Заполярье, Кушканы аралап, қысы-жазы экспедициялардың ыстық-суығына төзіп, нағыз геологтың өмір мектебінен өтті. Геологиялық жұмыстармен еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүріп ол әрбір өңірдің тарихын, өнері мен мәдениетін зерделеп, зерттеп жүрді. Қазақтың өнеріне, мәдениетіне қатыстының бәрі ол үшін қызықты болды. Оны таста қашалған таңбалар мен суреттер, дәстүрлер мен ғұрыптар, тұрмыстық құралдардың жасалу технологиясы сынды дүниелердің бәрі қызықтырды.
Бақыт ағаның қасынан әрдайым өмірлік жары Ботагөз Кәрімжанқызы табылатын. Бұл әдемі әрі үйлесімді жұпты бөлек дара елестету мүмкін емес. Олар өмірде де өнерде де бірге жұп жазбай жүретін. Бақыт Жәлелұлы ағаш пен темірдің шебері болса, Ботагөз Кәрімжанқызы ежелгі қазақтың көне өнері – кейізді серік етіп, ұлттық дүниелерді жасаумен айналысты.

Бір кездері жас маман болып Бақыт ағаның қасына еңбек етуге келген әріптесі Мұхаметқали Жантеміров ол кісінің жастарға ерекше қамқорлық танытатынын айтып өтті: «Бақыт аға өте іскер, еңбекқор жан болатын, барлық адамдарды тең көретін. Ол терең білімі, іскерлік қасиеттері мен еңбекққорлығының арқасында үлкен абыройға ие болды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін ол кісі зерттеу жұмыстарын жүргізіп, этнографиялық мұражайлардың дамуына үлкен еңбек сіңірді. Біздің Қазақстанда осы іспен айналысып жүрген азаматтар бар шығар, бірақ Бақыттай іскер адамды мен біле қомадым», - деп сағынышпен есіне алды ағасын әріптестері.

Бақыт Жәлелұлы қазақтың ұлтық дүниелерін тарихи деректерді ескеріп, салт пен дәстүрді ұстанып, әрбір өңірдің ерекшелігін бағамдап отырып жасайтын. Ол еңбектердің тарихи құндылығы бір төбе. Бақыт Сағындықов ет, қымыз ұсыну дәстүрлеріне арналған ағаш ыдыстар, киіз үй бұймдарын, бағалы тастармен әшекейленген қазақтың ерлер мен әйелдер белбеулерін, ер-тұрмандар жасады. Шебердің жасаған ерекше көркем бұйымдары қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрлерін бейнелейді. Мәселен, бір ғана қымыз беру дәстүріне арналған ыдыстардың өзі қырық заттан тұрады. Халықтық қолөнерді насихаттаушының бұйымдары тарихи-өлкетану музейінің өлкетану мұражайының этнография залында көрсетіледі. Жасалған бұйымдар тарихи шынайылығымен, сырт пішіндерінің көркемдігімен ерекшеленеді. Шебер өз қолымен жасаған киіз үйдің толық жиынтығын Баянауыл жеріндегі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы музейінен көруге болады. Туындылардың сырт пішіні дәстүрден ауытқымайды, олар тарихи нанымды. Бақыт Жәлелұлының шеберлігінің ең жоғары көрсеткіштерінің бірі - бойжеткен қыздың ұлттық дәстүрде күмістен жасалған зергерлік бұйымдары. Бұл көне этнография бұйымдары терең білімді талап еткен қайта жасалған нұсқалары болып саналады. Сондықтан да шебердің жұмыстарына Ш. Уәлиханов атындағы этнография және археология институтының сарапшылары жоғары баға берген. Бақыт Сағындықов қолданбалы өнерге арналған көптеген республикалық және халықаралық көрмелер мен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Республикалық шеберлер сайыстарында қазылар қашанда павлодарлық ұста Сағындықовтың дүниелерін асыға күтетін. Барша қазақстандық шеберлер апрасында бұл есім танымал болды. 2002 жылы Швейцарияда өткен әлемнің 166 мемлекеттерінің қолөнершілері жиылған халықаралық шеберлер байқауында Бақыт Жәлелұлы «Алтын» дәрежесі бойынша «Сапа дәуірі» марапатына ие болды.

«Мемлекет тарапынан атақ берілмесе де, бүкіл қазақ халқының атынан біз Бақыт ағамызды қоғам қайраткері деп есептейміз. Өйткені қолында доктордың дипломы болмаса да, ол қазақ тарихын, мәдениетін, әдебиетін, қолданбалы өнердің орындау техникасын екі тілде жетік меңгерген және өз жұмысын екі тілде еркін жеткізген маман. Өкінішке орай, ХХ ғасырда қазақ ұлтының мәдениетін келесі ұрпаққа жеткізетін адамдар өте аз. Сондықтан бұл кісінің өзі бір мектеп, өмірі бір үлкен мектеп еді. Бақыт ағаның жасаған әрбір дүниесі, әрбір сөзі үлкен шежіре, ол әрбір сөзін дереке сүйеніп айтатын», - деді С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымы, ф.ғ.к., профессор Айман Зейнулина.

Бақыт аға әке-шешесінің бес баласы шетінегеннен кейінгі қызығы еді. Соңынан ерген қарындасы Нағима екеуі аман қалып, ата-анасының көз қуанышы болып өсті. Нағиманың алты айлығында әкесі соғысқа аттанады. Соғыс жылдары бала Бақыт қарындасына ағаштан ойып түрлі ойыншықтар жасап беріп, Нағимашын мәз қылушы еді. Ол осы ойыншықтарды жасағанда барын, жанын салатын. Ол: «Нағима менің ағам да, бауырым да, әпкем де, қарындасым да – жалғыз өзі», - деп қастерлеп, жетістіктерін естісе төбесі көкке жетіп қуанып жүретін. Көзі тірісінде Бақыт аға қарындасын әлпештеп, аялап, еркелетуді еш ұмытпайтын еді. Нағима Жәлелқызы Сақындықова – филология ғалымының докторы, профессор, Қожа Ахмет Иассауйдің хикметтерін шағатай тілінен орыс тіліне аударған бірегей ғалым. Нағима Жәлелқызы Қаныш Сәтпаевтың қызы Шәмшия Қанышқызының шәкірті, тіпті жасының айырмашылығына қарамастан сырлас досы болды. Ол аударма ісіне арналған 100-ден астам монографияның авторы.

Бүгінде Бақыт Сағындықовтың балалары Саид, Ажар, Асан әкесінің бойларына сіңірген тәлім-тәрбиесімен өмірден өз орындарын тапты. Қазіргі таңда олар әке жолын қуып, ұсталықпен, зергерлікпен айналысады. Әрқайсысы әкелерінің тағылымын тағдырына бұйырған бақ деп санап, жаратқаннан жеткен тұмардай қабылдайды. Бұл да оның ұрпағына төккен тері мен әкелік махаббатының жемісі деп білейік. Ол балаларын ержүректілікке, патриоттыққа, табандылыққа тәрбиеледі: «Ешқашан бастаған жұмысыңды аяғына жеткізбей тастама. Тіпті ең қиын кезде, ең ауыр сәттердің өзінде, сен өз мақсатыңа жетуің қажет. Ешқашан еңсеңді түсіруші болма», - дегені Саид, Ажар мен Асанның жадында сақталып қалды.
Түйін. Шебердің қолынан шыққан туындыларға қарап тұрып тамсанбау мүмкін емес. Гауһар тастың сан қырларынан шашқан жарқырылындай ғажайып дүниелер қиял-сезіміңді биікке самғатып әкетеді. Бұл еңбектер – дарын иесінің өнерге деген сүйіспеншілігінен, рухани тазалығы мен тектілігінен туылған бұйымдар. Жаһан елдерінде тарихи маңызы бар бұйымдарды өңдеу, жасау саласына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Еліміздің шеберлері мұндай қолдауды көрмесе де, болашақ ұрпағы үшін маңызы бар жұмысқа бар ғұмыры мен қуатын арнап келеді. Бақыт аға да еңбегіндегі материалдық және адамдық қолдауды басқалардан көрмесе де төл өнерімізден қол үзіп қалған емес. Бір дүниені жасау үшін жұмсалатын қаражатты ол өз қалтасынан шығарып, өз шығынын өзі жауып жүрді. Оның ұсталық, зергерлік мектеп ашамын деген арманы да орындылмай қалуына сол қаржаттық қолдудың тапшылығы кесір болды. Қандай қиын-қыстау уақыттар өтсе де қазақтың қол өнерін дамытып, қараңғы түннен жарыққа жеткізу жолында аянбай еңбек етті. Еш кедергіге қарамастан Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолында мұраларымызды байытып, қазақтың қол өнерінің қасиеттерін бүкіл әлемге жарқыратып көрсетіп, бабаларымызға тән асқақ рухын танытты. Бақыт ағаның бейнесі есімізде мәңгілік сақталады.

Айгүл ЭСЕНАЛИЕВА

«Білік» № 11 (172), 30 қараша 2014 жыл