«Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді».
Нұрсұлтан Назарбаев

Адамзат қашаннан бері әртүрлі таңбалар мен белгілерді қолдануға әуес болған. Халқына, тайпасы мен әулетін белгілі бір таңбамен белгілеудің терең тарихы бар әрі жаһан жұртына тән құбылыс. Жер бетіндегі қай мемлекеттің болмасын елтаңбасына сол халықтың дүниетанымы, тарихы тікелей ықпал етеді. Өйткені елтаңбаларда белгілі халықтың дүниетанымы, мәдениеті, дәстүрі, салт-санасы, тарихы мен рухы сіңіп тұрады.

Тайпалық белгілер мен рулық нышандарды «тотем» деп атайды. Олар бүгінгі заманауи елтаңбалардың ет жақын туысы. «Тотем» сөзінің төркіні Солтүстік Америкалық үндістердің «оттем» сөзі, яғни «оның елі» дегенді білдіреді. Тотемдік дәстүр бойынша тайпаны жебеп, қорғап жүрген жебеушісі ретінде жануар яки өсімдіктер бейнесі арқылы сол тайпаның негізгі нышандық белгісі таңдалады. Бұл дәстүр өте ежелгі халықтар арасында кең таралған. Алайда, сол көне салтқа сай елтаңбалар бүгінде кездесіп жататыны да белгілі.

Ал, осы сынды түрік және монғол тектес азия халықтарында «тамға» дәстүрі бар. Оған сәйкес әр тайпа, әр рулы ел өздеріне тән аң-құс бейнесі, қару-жарақ яки тайпаға ғана тән басты белгілерді байрақтарына бейнелеген. Қазақ руларының да өзіндік белгілері мен ұрандары болған. Яғни, әр рудың таңбасымен қатар ұраны тең жүрген. Шайқас ұрандарын кейіннен еуропалық рыцарлар да иемденіп, қолданыстарына енгізген. Негізі елтаңба тарихы осы жаумен шайқас кезіндегі ұрандар мен байрақ таңбаларынан бастау алады.

Елтаңбалардың арғы тегі – байрақтарға, киімдерге, жүзіктер мен жеке әулеттік заттарға бейнеленіп, көмкерілген алуан түрлі белгілік нышандар. Ұрандар мен төл белгілер тулар мен елтаңбалардан көрінген. Батырлар, билер мен қолбасшылардың өздеріне тән белгілері болған. Мысалы, Ескендір Зұлқарнайынның әскери дулығасында – теңіз аты (гиппокамп), Ахиллес бас киімінде – бүркіт, Нумибия патшасы Масиниса дулығасында – ит, римдік император Каракалы басында – бүркіт суреттелген.

Ал, антикалық дәуірдің қалалары мен аралдарының кейбір белгілері әрдайым монеталардан, төс белгілер мен мөрлерден көрініс тапты. Мәселен, солардың бірі Афин қаласының белгісі – үкі, Қорынтық қаласының белгісі – пырақ, Самос шаһарыныңкі – тауыс, Родос аралдары – раушан гүлімен таңбаланған екен.

Ассирия, Бабыл, ежелгі Мысыр елдерінің елтаңбалары мөрлерде таңбаланатын болған. Ал, б.з.д. үшінші мыңжылдықта шумерлер мемлекетінде бүркіт пен жолбарыстың бастары бейнеленген өз елтаңбасы болды. Бұл тарихтағы алғаш мемлекеттік елтаңбасымен танылған мемлекет болып есептелінеді.

Рулық таңба

Үш жүзден тараған қазақтардың да терең мағынаға ие рулық таңбалары болған. Төл таңбамызды зерттегенде алғаш тастарда қашалып жазылған руна жазуы көзге келеді. Оны бекер еске алып отырғанымыз жоқ. Себебі, көшпенді бабаларымыз кішкентай ғана белгіге тарихын, санасын, пәлсапасын, дүниетанымын, мәдениетін, болмысын сыйдырып қойғанын аңғаруға болады. «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» кітабының сегізінші томында таңба хақында былай деп жазылған: «Әлемдік хат мәдениеті тәжірибесінде құпия сақтау мақсатында туған код пен шифр арқылы жазу үлгілерімен салыстырғанда көшпелі түркілердің рулық таңбалары мен руникалық тұжырымдамасы жер бетінде қайталанбайтындығымен ерекшеленеді. Ғылыми әдебиеттерде идеографиялық жазудың айрықша түрі ретінде таңбаны атайды».
Қазақ тегіне берік екенін білеміз. Рулық таңбалар – түркі халықтарының тектік қасиеті. Бүгінде сол түркі халықтарының ішінде рулық таңбаларын қазақтар әлі күнге дейін сақтап келеді. Рулық таңба қасиеті жөнінде «Қазақ руларының таңбасы» атты мақаласында Мақсұтбек Сүлеймен былай дейді: «Рулық таңба – түркілік төлқұжат, өмір шындығын танып-білудің даналық құпиясы, ақпараттық жүйе, қоғамдық дамудың интеллектуалдық қуатын танытатын қасиетті рәміз, ұлттық ойлаудың айнасы. Рулық таңбалар – қазақтың шығу тегі барша рулардың бірігуінен шыққанын дәлелдейтін тарихи құжат, жәдігер. Тек соның құпия сырларының кілтін таба білуіміз қажет».

Қазақ рулары мен тайпаларының арғы тарихын зерттеуде, ең алдымен олардың таңбалық белгілерін зерттеудің қажеттілігін алғаш аңғарған Николай Аристов болса, оның пікірлерін тереңдете зерттеген Сәрсен Аманжолов болды. Олар белгілі бір атадан рудың, одан тайпаның, одан тайпалық одақтың қалыптасу жолдарын рулық таңбаларды зерттеу арқылы анықтауға болатынына кәміл сенді.

Таңбаны бір жағынан түркі халықтарының этникалық құрылымының сыртқы рәміздік белгісі деп қарасақ, оның терең де басты мағынасында таңба – рудың қасиеті, ары, тегі, шежіресі, жаршысы.

Таңба – ақпарат сақтау мен таратудың коды дейді таңба зерттеушілері. Осы шифрдың кілтін таппаған бөгде жұртқа қазақтың ішкі сыры мен рухын ұғыну жұмбақ күйінде қалады. Бағзы қазақтың ойлау жүйесінде геометриялық өлшем, симметриялық дәлдік – таңбатану өте жоғары деңгейде дамыған. Бұл түркі халықтарының этникалық біртұтастығын сақтап тұрған киелі қорғаны, ең маңызды ұлттық құндылығы екенін мойындауымыз тиіс.

Геральдика тарихы

Бүгінгі күні таңбалардың қыр сырын зерттейтін ғылыми тармақты «геральдика» деп атайды. Бұл ғылымның пайда болу тарихы өте қызық. Алда айтып кеткеніміздей, бүгінгі мемлекеттік елтаңбалар тарихы ұрыс алаңдары мен жекпе-жектерден, яғни, соғысқа аттанған батырлар мен қолбасшылардың таңбаларынан бастау алады. Жалпы геральдика өнері Х ғасырдан бастау алды деседі кейбір деректер. Бірақ батыста алғашқы мөрлер мен құжаттарда бейнеленген гербтер ХІ ғасырдың еншісіне келеді дейді ғалымдар. Ал бұл өнердің дамып, өркен жая бастаған кездері рыцарлар жекпе-жегі мен крест жорықтары кезеңі. Рыцарлар жекпе-жегінің ХІІ –ХVІ ғасырларда қызу өркен жайған кезі болатын. Жекпе-жекке шыққан рыцарь міндетті түрде өз таңбасымен шығуға тиіс еді. Алғашында кез келген рыцарь қарсыласының белгісін танып, сол ен арқылы оның қай әулетке тиісті екенін білген. Сонымен жекпе-жекке бір уақытта, бір жерде әр елден жиылған феодалдардың ұлттық мінезі туады, бір-бірін тануға деген қажеттілік пайда болады. Ал, рыцарлар білім мен тіл білу жағдайында шығыстық өркениеттен алынған өз атын, таңбасын қорғау, жаумен шайқасу, қарулануы сынды қабілеттерді игереді. Рыцарлардың батылдығымен қатар таңбалар білімін жетілдіруі геральдиканың безендіруі мен пайда болуына жол ашты.

«Heeralt», демек герольд – Германияда батыл, беделі бар ардагер рыцарь дегенді білдіреді. Еуропада ежелгі әскерлерде жаумен келіс сөз жүргізу үшін, жарлықтар мен хабарландыруды жария ететін адамдарды «менестрели» (ақын, әнші), «глаштай» деп атаған. Уақыт өте осы үш мамандықтың қосындысы ретінде «герольд» деген кәсіп иелері пайда болады. Олар жекпе-жектерге қатысушылардың атын ғана емес, дәулетті әулеттердің, олардың атынан шығатын қатысушының, рыцарлардың таңбасын жетік білуге міндетті еді. Осылайша герольд кәсібі геральдикалық мәнге ие болып, жекпе-жектер таңбалардың қыры мен сырын ашатын геральдика ғылымының дүниеге келуіне себеп болды. Ал, XIII ғасыр соңы мен XIV ғасырларда геральдика тек әскерлер киімдерінде емес қоғамдағы бар салаға еніп, әдебиетте, өнерде, тұрмыстық жағдайда сәнге айнала бастады.
Сөзтүйін. Бүкіл бір елдің қасиетіне баланған таңба сызықтар шимайы, түсініксіз түртпелер емес. Белгі жан-жақты зерттелген, оңайшылықпен өзгерте салынатын дүние де емес. Өйткені онда баба аманаты, әке тағылымы, тектік тәлім, қандық қасиет, ұлы армандар мен арлы болмыс жататыны белгілі.

Жанар ӘБДІҚАЛИҚЫЗЫ

«Білік», №8, (169), 30 маусым, 2014 жыл.

 

Таңба туралы мәлімет:

* Таңба, таңма, тамға – ерекше белгі.

* Таңбалар ежелгі заманнан-ақ қолданыста болған.

* Көшпелі түркілердің дүниетанымы, рухани мәдениеті, тарихы таңбаға көшіріліп, құпиясы жасырын сақтаулы тұр.

* Түркі таңбалары туралы Рашид әд-Диннің, Г.Н.Потаниннің, А.И.Левшиннің, Н.И.Гроздековтің, Н.А.Аристовтың, Ш.Құдайбердіұлының, М.Тынышбайұлының еңбектерінде айтылған.

* Қазақтың рулық таңбалары белгілі бір жүйеге бағынған.

* Таңбатануда Е.Д.Плотниковтің еңбегі өте құнды.

* Орыстанған түркі тектес әулеттердің отбасылық гербтерінің негізі рулық таңбаларымыздан алынған.

* Түркі тектес халықтардың ішінде түріктер, өзбектер, ұйғырлар, әзербайжандар т.б. этностар руларын және рулық таңбаларын жоғалтып алды.

* Ежелгі түркі руна жазуы таңбаларынан ортақ модель шығады, сол арқылы күллі ғаламның нысандарын белгілейтін таңбалар жаратылады.

Ресми дерек:

Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі. Ту ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді. Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды.

Елтаңбасы – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді. Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы өздерін танытқанына тарих куәлік етіп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрік қағанаты тұсында қолданыла бастаған. Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды.

Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды.