Қазақстан – өз тәуелсіздігін ресми түрде бұрынғы кеңестік республикалар арасында ең соңынан, яғни 1991 жылдың 16 желтоқсан күні жариялаған ел. Егемен ел үшін өткеннің тәжірибесімен санасатын, бүгінгі шындықпен келісетін және ертеңгі күнге сеніммен бағыт беретін Негізгі Заң қажеттілігі туындады. Конституциялық комиссияның қажырлы да ұзақ еңбегінің нәтижесінде 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі жариялы түрде дауыс беру арқылы түгелге жуық көпшілікпен Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы қабылданды. Уақыт өте келе бұл Негізгі Заң өзінің әлсіз тұстарын көрсете бастады. Ал 1995 жылы 30 тамызда ҚР Президентінің жарлығына сай Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өткізілді. 89,14% сайлаушылардың қолдауымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.
Қолданыстағы Конституцияда мемлекет адам құқықтарына шынайы кепілдіктер берген. Олар: әрбір азаматтың еңбек ету және кәсіпкерлікпен айналысу еркіндігі; заң бойынша мөлшермен тегін медициналық көмек алуға; тегін орта білім алуға; діни – сенім бостандығы; конкурстық негізде ақысыз жоғары білім алуға; әлеуметтік қамсыздандыру. Бүгінде осы конституциялық негіздер әрбір Қазақстан азаматының өмірінен берік орын алды. Қазіргі қолданыстағы Конституция адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын бекітіп, еліміздің азаматтарының құқық алдындағы теңдігін қамтамасыз етті. Бұл принциптер мемлекетіміздің экономикалық - әлеуметтік дамуына, іргесі мықты, азат ел құруға негіз болды. Тереземіз тең, босағамыз кең, шаңырағымыз берік, еңсеміз биік азат ел атандық бүгінде.

Тарих беттерінен еліміздің конституциялық тарихы ертеректе жатқанын байқауға болады.

«Қасым ханның қасқа жолы»

«Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» халықтың әдет-ғұрып нормаларын қалыптастырған конституциялық құжат болғаны тарихтан белгілі. Қасым ханның билігі тұсында қазақ халқының территориясы біріктіріліп, хандық билік сол территорияға тарап, биліктің рөлі арта бастады. Сол себепті де, қазақ хандығының жаңа қалыптасқан жағдайында ел ішіндегі бұрынғы әдет-ғұрып заңы сай келмеді. Қасым хан өз жарғысының негізін халқының ежелден келе жатқан әдет-ғұрып заңдарына сүйене отырып, сол заманның талабына сай жарғыны жаңа үнмен жаңғыртты. Тіпті, шариғат қағидасын берік ұстанған отырықшы аудандар да Қасым ханның қазылық билігіне жүгінді. Мәселен, жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, құдалық жол-жоралғылар, қазылық билік.

«Есім ханның ескі жолы»

Есім ханның тұсында «Есім ханның ескі жолы» деген атпен қалған әдет-ғұрып нормаларын қалыптастырған заңдық жарғы жарияланды. Бұл заңдық құжатты Есім хан мен оның кеңесшілері өңдеп, толықтырылған бұрынғы «Қасымханның қасқа жолының» бір нұсқасы ретінде қарастырған жөн. Есім салған ескі жолда қоныс-тұраққа, мал-мүлікке, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты туатын даулардың шешімдері сараланды. Мұның өзі кейініректе Тәуке ханның «Жеті жарғысына» негіз болады, және қазақ халқының мәдени-рухани, салт-дәстүр қалыптарының болашақ ұрпаққа мирас болып бүгінге дейін жетуіне себепші болды.

Күлтебенің басында күнде жиын

Тәуке хан өзінің алдындағы хандардың тұсында қабылданған заңдарын одан әрі жетілдіріп, жаңа заң жүйесін жасады. Ол «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» өз дәуіріне сай етіп, сондағы ережелердің жетеуіне өзгерістер енгізген. Тәуке хан үш жүздің билерін жинап, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер қатысқан бас қосуда, Күлтөбеннің басында «Жеті жарғысын» қабылдады. Онда жер дауы, отбасы, және неке заңы, қылмыс пен құн дауына ұрлық-қарлыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың әдет-ғұрып заңдары орын алған.

Ұлттық салт-дәстүрлерді, ұлттық санамызды, қазақы болмысымызды жоғалтып алуға аз қалған кездер де болды бізде. Тәуелсіздікпен бірге, ертеректе хандарымыз заң ретінде қабылдаған төл әдетіміз бен дәстүрімізге қол жеткіздік. Бүгінде көнеден жеткен заңдық құжаттардың біразы, қазіргі ұрпақтың күнделікті өмірінен көрініс тапқан, тұрмыстық қажеттілік болуда.

Ұлттық мемлекетті тірек еткен заң

Одан кейінректе алғаш құқықтық жүйе, құқықтық ұғымдарды ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары жариялаған «Алаш» автономиясы құрылған кезде орын алды. Алғашында қазақ құқығының аса маңызды бастауы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен әдет-ғұрып, дәстүр болса, алашорданың негізін салушылар «Алаш» бағдарламасының жобасын ұлттық-демократиялық бағыттағы, құқықтық мемлекетті құруды мақсат еткен. «Алаш» партиясының өкілдері нағыз демократтар болды және демократиялық жолмен әрекет етті. Онда: мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, негізгі құқық, дін ісі, билік һәм сот, ел қорғау, ғылым-білім үйрету, жұмысшы, салық, жер мәселесі жөнінде құқықтық жүйе негіздері қарастырылды. Ресей империясы қазақ халқының санасынан тәуелсіз мемлекет құру идеясын біржолата өшіруге тырысты. Қазақ жерінде, қазақ қоғамында, патшалық Ресейдің, одан кейінгі кеңестік үкіметтің ХІХ ғасырдың басынан ХХ ғасырдың 90-шы жылдарына дейін түрлі заңдық, нормативтік құжаттары қызмет етті. Ал, ХХІ ғасырда кешегі қазақ зиялылары аңсаған азат елдің іргесін қалап, демократиялық, зайырлы, құқықтық ел атандық.
Осы күнгі құқықтық, демократиялық, зайырлы мемлекетіміздің Конституциясы – ертеңгі ұрпақ үшін әділдік пен азаттықтың нышаны болып қала берсе деген ниет бар көкейде. Қолданыстағы Негізгі Заңда бекітілген заңдық ережелер мен тұжырымдар мемлекет пен қоғамның дамуына, саяси, экономикалық және әлеуметтік өсуімізге кепіл берді. Мемлекет пен азамат арасындағы көпір – яғни Еліміздің Конституциясы берік, әділ әрі өміршең болғай!

Жанар ЕЛЕШОВА

«Білік» № 9 (143), 2012 жыл, 25 тамыз.