30 қазанда Торайғыров университетінің 60 жылдығына орай онлайн режимде дәстүрлі «Торайғыров оқулары» халықаралық конференциясы өтті.

ЖОО ректоры Мейрам Бегентаев сөз алды.

- Сұлтанмахмұт Торайғыров өз шығармаларында надандықты қоғамымыздың басты кеселдерінің бірі деп санады. Ол өз талқылауларында әлеуметтік тепе-теңдік және ағартушылық, шындық пен адами ықыластың жеңіске жететіні туралы ой өрбітіп, бізді қоғамнан тыс қалмауға шақырды. Ақынның шығармашылығы жарқын болашаққа бағыт алған, ал ол айтқан сөздер бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпаған, - деп атап өтті М. Бегентаев.

Конференцияға жеті елдің халықаралық сарапшылары қатысты. Олардың қатарында Ұлыбритания, Испания, Канада және Үндістан ғалымдары болды.

Спикерлер жаһандық экономиканы қалыпқа келтірудің өзекті мәселелері мен оның тұрақты дамуы туралы ой өрбітті. Қызу талқыға салынған мәселелердің қатарында сапалы онлайн білім беруге қолжетімділік тақырыбы да бар.

Брунель университетінің профессоры Брунель Абрахам Алтонаян университеттің дамуы Қазақстан пен аймақтың дамуы үшін маңызды орынға ие екенін тілге тиек етті.

«Университеттің дамуы үшін интернационализм мәселесі аса маңызды. Оның халықаралық байланыстары бағытында бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. БҰҰ-ның тұрақты даму саласындағы басты мақсаттарының бірі - халықаралық серіктестікті дамыту (№7 мақсат). Мен ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуге өз үлесімді қосуға тырысамын. Университеттің халықаралық сахнада бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектесуге әзірмін», - дейді ұлыбританиялық профессор.