Toraighyrov University делегациясы екі апта бойы жоғары білімді басқару саласында тәжірибе алмасуда.

Құрама Штаттар үкіметі демеушілік ететін бағдарлама бірнеше қалада өтіп жатыр, ол қазақстандық жоғары оқу орындарының ректорлары мен халықаралық бөлімдерінің басшыларын АҚШ-тың университеттерді, колледждерді басқарудағы үздік тәжірибелерімен таныстыруға арналған.

Бағдарлама барысында қатысушылар америкалық жоғары оқу орындарының ғылыми зерттеулерді монетизациялауда және халықаралық зерттеу жұмыстарына қатысуда қолданатын әдістерін зерделейді.

Вашингтонда белгілі ғалым, бірнеше кітаптар сериясының авторы, Мичиган университетінің профессоры Кэтлин Фитцпатрик өз сөзінде жоғары білім беруді ізгілендіру туралы, университет пен қоғам арасындағы сенім туралы базалық ұғымды жоғалтқандығымыз туралы айтып өтті. Ол сонымен қатар жомарт ойлау туралы, жалпы мүдделер мен мәселелер туралы кампустан тыс қауымдастықтардың бір қатарларымен сенімді байланыс туралы да сөз етті. Барлық жүйе стресстік бәсекеде құрылғандығын айта келіп, Кэтлин Фитцпатрик бәсекелестікке емес, өзара іс-қимыл жасауға шақырды.

ҚР-ның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі Ержан Қазыхановпен кездесуде Қазақстан мен АҚШ арасындағы тұрақты және өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытудағы серіктестік басымдықтарды талқылады.

Toraighyrov University-де Нью-Йорк мемлекеттік университетімен, Колумбия және Оңтүстік Калифорния университеттерімен әріптестік орнатылған.