Toraighyrov University-де Павлодар өңірінің жұртшылығы және барлық ниет білдірушілер үшін «Нормативтік құқықтық актілер жобаларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамасы» атты тегін семинар өтті.

Семинар барысында «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қорының» президенті, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының штаттан тыс кеңесшісі, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің республикалық арнайы мониторингтік тобының орынбасары Зәуреш Батталова сарапшы және ментор ретінде сөз сөйледі.

Өткен жылдың қараша айының соңында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы заңға қол қойды, соған сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұртшылықты кеңінен тарта отырып, нормативтік-құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама енгізілді. Мұндай сараптаманы жүргізу заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу сатысында мүмкін болатын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен коллизияларды анықтауға және жоюға мүмкіндік береді.

- Біздің міндетіміз – нормативтік құқықтық актілер мен заң жобаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоятын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу механизмдерін орнатудағы сарапшылардың кәсіби әлеуетін және заң шығару процесіне, қоғамдық құқықтық мониторингке қатысудағы азаматтық қоғамның әлеуетін арттыратын нақты құқықтық механизмдерді жетілдіру, - деп атап өтті Зәуреш Батталова.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама мемлекеттік органдарға тәуелді сарапшылардың айрықша назарында, басымдылығында болмауы тиіс. Аталған семинар барлық азаматтарға сыбайлас жемқорлық құрамдасы қаралатын заң жобаларына түзетулер мен өзгерістердің қатысушысы болуға және бұл туралы мәлімдеуге мүмкіндік береді, - деді Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Айдар Тастеміров семинарға қатысушыларға арнаған сөзінде.

Toraighyrov University семинарына қатысушылардың санын ескере отырып, республика бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама бойынша оқудан өткендердің саны мың адамға жетті.