2013 жылдың 15 мамырында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің жылда дәстүрлі түрде өтіп тұратын түлектер жәрмеңкесі Естай атындағы Мәдениет үйінде өз жұмысын жасады.

Аталған жәрмеңке жоғары оқу орынының он факультетінің 2013 жылғы түлектеріне арнайы ұйымдастырылып отыр. Бұл шараға өңіріміздің ең ірі деген 50 кәсіпорындары атсалысты.

Жәрмеңкеге облысымыз бен қаламыздың ірі кәсіпорындары мен ұйымдары қатысты: АҚ «Қазақстан алюминийі», АҚ «Қазақстан электролизді зауыты», ЖШС «KSP Steel», АҚ «Еуразиялық энергетикалық компания» және т.б.

Вакансия жәрмеңкесі жұмыс берушілерге кәсіби білікті маманды таңдап алуға, мамандардың дайындық барысын талқылауға және екі жақты тиімді қызметтестікті дамытуға бағытталған.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Қаржы-экономика факультетінің деканы Тахир Эрназаров: «Павлодар мемлекеттік университеті тек облыс аймағының ғана емес, республикамыздың «кадрлар даярлайтын шеберханасы» деуге болады», - деп мәлімдеді.

Университеттен білім нәрімен сусындап, оқуын тамамдап жатқан түлек студенттерімізге өнеркәсіп пен кәсіпорын өкілдері ақ жол тіліп, жүрекжарды лебіздерін арнады. Университеттің Студенттік филармониясы қонақтарды әсем ән мен күмбірлеген күйге қанық етті.

Шараның салтанатты рәсімінен кейін кәсіпорындар өкілдері мен студенттер арасында ақпарат алмасу жұмыстары ұйымдастырылды. Мәдениет үйінің залында «Жұмыспен қамтылу және әлеуметтік бағдарламалар» әрі «Жастар еңбек биржасының» кеңес беру орындары қызмет етті. Онда студенттер Павлодар қаласы мен облысы бойынша бос жұмыс орындар, еңбек нарығы туралы ақпарат алуға және түлектерді жұмыспен қамту бағдарламаларымен танысуға мүмкіндіктер алды.

Жәрмеңкенің жұмысы барысында жұмыс берушілер түлектердің дайындық деңгейімен, өз кәсіпорындарының кадрлық резервтерін дайындады, түлектер жұмыс берушінің жұмысшыға қойылған талаптары туралы толық мәлімет алды, резюмелерін тапсырды.