2013 жылдың 29 сәуірінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне Білім беру сапасын қамтамасыз етудегі қазақстандық тәуелсіз агенттіктің (БСҚА) мемлекеттік институционалдық аккредитациясы бойынша жоба жетекшісі Инара Мұхтарова, Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің Аккредитация мен менеджмент сапасы орталығының жетекшісі Гүлнар Туртқараева, М.Қозыбаев атындағы Батыс-Қазақстан мемлекеттік университетінің сапа менеджменті қызметінің жетекшісі Марина Погребицкой келді.

Кездесудің мақсаты – ЖОО-ның білім бағдарламалары мен өзін-өзі бағалау туралы есептерін дайындау бойынша «Жоғары оқу орнындағы білім сапасын бағалаудың ішкі жүйесін құру» атты семинар өткізу. Семинар Павлодар мемлекеттік университетінің әкімшілік, құрылымдық бөлімдер жетекшілеріне, декандар мен кафедра меңгерушілеріне арнайы ұйымдастырылды.

Семинар барысында мамандар БСҚА мамандандырылған аккредитациясы, білім бағдарламаларының ерекшелігі, профессорлық-оқытушылар құрам сапасы мен оқытудың тиімді жолдарын қамтамасыз етуде БСҚА-ның рөлі сияқты мәселелер төңірегінде сөз өрбітті.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің аккредитациялау және рейтинг бөлімінің меңгерушісі Любовь Головеринаның айтуынша: «Қазақстанның ұлттық аккредитация моделінің мақсаты тұлғаның білім қажеттілігін толық қанағаттандыру, жоғары білімнің сапасын бағалау әрі қамту жүйесін құру, экономика саласына әрі қоғамдағы сан алуан салаларға қажетті білікті кадрларды даярлау, жоғары білім жүйесінің ұлттық имиджін көтеру», - деді.

Ұлттық аккредитация жүйесі қызметінің көп артықшылығы бар. Соның бірі, жаһандық жоғары мектептермен бірлесу үшін басты талаптардың бірі Болондық үдеріс, еуропалық білім кеңістігі екенін естен шығармаған жөн дейді Любовь Тимофейқызы.