2013 жылдың 27 сәуірінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Мектепте алған білім – өнеркәсіптік мәселелерді шешудің негізі» тақырыбы бойынша IQ (intelligence quotient) нұсқадағы «Өнер өрісінде» бағдарламаның аясында өткізілетін мектепаралық интеллектуалды сайыс өтті.

IQ (intelligence quotient) нұсқадағы «Өнер өрісінде» бағдарламаның аясында өткізілетін мектепаралық интеллектуалды сайыс С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде 2009 жылдан бастап өтуде. Бағдарламаның авторы – ПМУ-дың «Құрылыс материалдарын өндiру және стандарттау» кафедрасының доценті Қабидолла Қасқырбаев.

Мектепаралық интеллектуалды сайыстың жалпы тақырыбы – «Мектепте алған білім – өнеркәсіптік мәселеледі шешудің негізі».

2013 жылғы сайысқа № 9, 13, 21, 22, 39 жалпы орта білім беретін мектептер, сонымен қатар, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты, дарынды балаларға арналған № 3 гимназияның үздік оқушылардан құрылған командалары қатысқан.

Сайыс 3 кезеңнен құрылды: «Үй тапсырмасы» (командаларға 2 апта бұрын берілді), «Ақыл қосу» (практикалық тапсырмалар), «Айналайын, абайла!» (қауіпсіздік техникасы жөніндегі тапсырмалар).

2013 жылдағы сайыстың тақырыбы – «Су төңірегінде».

Командаларды арнайы құрылған әділ қазылар алқасы сараптаған, атап айтсақ, қазылар алқасының төрағасы – Сәулет-құрылыс факультетінің деканы, т.ғ.д., профессор Марат Кудерин, мүшелері – «Құрылыс материалдарын өндiру және стандарттау» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Виктор Станевич, техника және технология магистрі Жанар Сәменова.

Сайыстың ашылу рәсімінің аясында С.Торайғыров атындағы Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Людмила Царенко Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Ұлттық интеллектуалдық меншік институтының сараптама қорытындысын оқып берді. Сараптама қорытындысы бойынша «Инновациялық желді-қуаттық қондырғысы» атты жоба өнертабыс болып танылды.

Жобаның жетекшісі – Қабидолла Қасқырбаев, орындаушылар – дарынды балаларға арналған № 3 гимназияның оқушылары Дәурен Қарамбаев және Еркебұлан Мұратов.

Людмила Алексеевна ғылым жолына түскен оқушыларды құттықтап, оларға өнертабысқа берген қорғау құжатты, яғни инновациялық патент ұсынды.

Мектепаралық интеллектуалды сайыстың жалпы нәтижесі бойынша, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының командасы бас жүлдеге ие болды. № 9 жалпы орта білім беретін гимназия-мектебінің командасы бірінші орын алды, екінші орында – № 21 жалпы орта білім беретін мектептің командасы, үшінші орынға № 39 гимназиялық сыныптары бар инновациялық үлгідегі жалпы орта білім беру мектебінің командасы шықты.