2013 жылдың 4 сәуірінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Металлургия, машина жасау және көлік факультетінің «Ашық есік күні» өткізілді.

Металлургия, машина жасау және көлік факультеті деканының оқу жұмыстары бойынша орынбасары Жанболат Ахметов факультет ПМУ-дың факультеттері арасында ең алғашқы ашылған оқу бөлімшелердің бірі екендігін мәлімдеді. Жанболат Елемесұлының айтуы бойынша, факультетте 60-тан астам жоғары білімді мамандар қызмет етеді, олардың ішінде 45 % ғылыми дәрежеге ие болғандар.

Көліктік техника және логистика кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Қайратолла Әбішев, механика және мұнайгаз ісі кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., профессор Әділбек Мұстафин, металлургия кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., профессор, ХАА академигі Мерхат Сүйіндіков, т.ғ.к., С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың құрметті кафедра меңгерушісі, студенттік конструкторлық-зерттеу бюросының жетекшісі Иван Шумейко іс-шараға қатысқан оқушыларға факультет туралы толық және мазмұнды ақпарат ұсынды.

Факультетте жүргізушілер дайындайттын курс, оқу-өндірістік шеберхана, студенттік конструкторлық-зерттеу бюросы жұмыс істейді. Сонымен қатар, факультет ғимаратында технопарк орналасқан. Аталмыш құрылымдар студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысына араласуына жақсы серпін береді.

Факультет қызметкерлері ғылыми жобаларына 100-ден артық патент алуға ұсыныс жасап, оның 40-тан артығына патент алды. 200-ден астам ғылыми мақалалар, тезистер, 22 монография жарияланды.

«Ашық есік күнінің» барысында оқушылардың алдында факультеттің үздік ән орындаушылары және «Квартет» КВН командасы өз өнерлерін көрсетті.