2013 жылдың 13 наурызында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің басшылығы Эрнст Мориц Арндт атындағы Грайфсвальд университетімен бірлесе отырып Еуропалық одақтың «Tempus» бағдарламасына қатысу үшін тиісті Мандатқа қол қойды.

«Tempus» – бұл Европа Одағының жоғарғы оқу орындарының ынтымақтастығы бойынша және серіктес мемлекеттердің (Батыс Балқан елдері, Шығыс Еуропа, Солтүстік Африка, Орталық Азия және Таяу Шығыс) жоғары оқу орындарының жобаларын қаржыландыру арқылы жоғарғы білім беру жүйесін модернизациялауға арналған бағдарлама.

Осыдан бұрын, 2013 жылдың 6 наурызында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті әрі Эрнст Мориц Арндт атындағы Грайфсвальд университетінің арасындағы халықаралық ынтымақтастық жайында келісім-шартқа қол қойылған болатын.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің деканы, б.ғ.д., профессор Қанат Ахметов аталмыш келісім-шарт бойынша ПМУ ғалымдары мен германиялық әріптестері арасындағы болашақ бірлескен зерттеу жұмыстары бакалаврлық және магистрлық бағдарламаларға экологиялық даму курстарын енгізуді жоспарлап отырғандығын мәлімдеді.

Сонымен қатар, сол күндері С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Эрнст Мориц Арндт атындағы Грайфсвальд университетінің арасындағы мағлұмдамаға қол қойылды. Сол құжатқа сәйкес, ПМУ-дың ғылыми-зертханалық базасын жабдықтандыру мақсатында Германиядан әкелінген жаңа құрал-жабдықтарды пайдалануға беруді көздеп отыр.