2013 жылдың 2 наурызында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің шаңғы базасында студенттер, профессорлық-оқытушылық құрам мен жоғары оқу орын қызметкерлері арасында спорт ардагері М.Воркуновтың құрметіне «Денсаулық күні» өтті.

М.Воркунов өзінің еңбегін 1975 жылы Павлодар индустриялды институты (қазіргі С.Торайғыров атындағы ПМУ) дене тәрбиесі кафедрасының оқытушысы ретінде бастады. Михаил Сергейұлы Павлодардың мемлекеттік университетінде қырық жылға жуық қызмет етіп, оқытушылықтан кафедра меңгерушілігіне дейінгі еңбек жолын өткерген.

Педогогикалық еңбек өтілімінде ол шаңғышы спортшыларды дайындады. Спортқа деген адалдығын бағалап, «Дене тәрбиесі мен спорт дамуына ерен еңбегі үшін» Құрмет белгісімен марапатталады. Дарынды ұйымдастырушы және ұлағатты ұстаз Михаил Воркунов С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің шежіресінде мәңгі қалатыны анық.

М.Воркуновтың құрметіне өткізілген «Денсаулық күні» ұжым қызметкерлерінің денсаулығын нығайту және дене шынықтыру мен спортпен жүйелi шұғылдануға деген мұқтаждықты орындау әрі салауатты өмiр салтын қамтамасыз ету мақсатымен өткізілді.

«Денсаулық күніне» қатысқан студенттер мен оқытушылар өздерінің спорттық шеберлігін көрсетті. Шара бағдарламасы аясында студенттер арасында шаңғы жарысы өтті.

Жарыстың нәтижелері бойынша бірінші кезеңінде ПМУ студенттері, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары, Қазақстан Республикасы шаңғышылар ұлттық құрама командасының мүшелері Максим Браун, Альберт Гумаров, Владимир Дьяченко, Алексей Фадеев, Вадим Котов, Леонид Никитенко, Редькин Вадим қатысып, Владимир Дьяченко жеңімпаз болып атанды.

Жарыстың екінші кезеңі ПМУ-дың оқытушылар мен қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Нәтижелері бойынша Вадим Марковский бірінші орынға, Асқар Қуатов екінші орынға, Олжас Талипов үшінші орынға ие болды. Әйелдер арасындағы жарыста ПМУ спорт клубының қызметкері Надежда Попова жеңімпаз атанды.Спорт ардагерлеріде қалыс қалмай, 2 км арақашықтықты эстафетаға қатысты.

Барлық жеңімпаздарға арнайы марапаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Аталмыш спорттық іс-шара жаппай шана тебуімен көңілді аяқталды.