2012 жылдың күзінде С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Тарих және құқық факультетінің магистранттарына (А.Маймақова, М.Әлжанова, А.Мәжит, Т.Берікболов, Р.Тоғайбайев) «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша Варшава қаласындағы Collegium Civitas университетіне білім алуларына жол ашылады

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде аталмыш бағдарлама 2011 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Бағдарлама еліміздің білім сапасын арттыру мен қазақстандық дипломдардың еуропалық мемлекеттерде конверсиялануын қамтамасыз етуді, жаһандық білім ресурстарын қолдану мен ішкі және сыртқы интеграциялық байланыстарды құруды мақсат етеді. 

    Collegium Civitas университеті 1997 жылы Польша Ғылым Академиясының белгілі ғалымдарының бастауымен ашылған болатын. Польшаның танымал 5 жоғарғы оқу орындарының профессорлары польшалық және шетелдік студенттерге әлемдік жоғары дәрежелі білім беріп қана қоймай, өз тәжірибелерімен бөліскен-ді.  Collegium Civitas - Варшава қаласының орталығында орналасқан заманауи білім ордасы.

    Оқу барысында біз индонезиялық тіл, ағылшын тілі, ислам өркениетіне кіріспе, саясат пен Орталық Азия елдеріндегі қорғану механизмдері сияқты  білім тәртібін меңгеріп шықтық. Жалпы, ECTS бойынша 20 кредит игерілді. Оқу ордасында ағылшын, поляк тілдерінде және екі тілді (50 пайыз поляк тілінде, 50 пайыз ағылшын тілінде)  оқу бағдарламалары ұсынылған. Университет әрдайым әлемдік жоғары мектептермен бірлесе қызмет етуге дайын. Сол себепті де,  білім шаңырағында дөңгеленген дүниенің түкпір-түкпірінен білім алуға келген студенттер де көп. 

   Collegium Civitas  мен «Патшалық Лазенкалар» мұражайының серіктестік жобасы аясында дипломатиялық  ұйымдастырылған дебатқа қатысуымызға  мүмкіндік туды. Кездесу барысында біз Польшаның европалық дағдарысқа және евро аймақтың дамуына ресми ұстанымын танып-білдік.

    Collegium Civitas оқу бағдарламасы шеңберінде  ұйымдастырған шаралардан өзге біз Қазақстан Республикасының Польшадағы Елшіліктің бастамасымен жұмыс жасап жатқан қазақстандық-польшалық  серіктестік пен даму Одағының мекемесіне қонақ болып қайттық.

    Өзіміздің қара шаңырағымызға беделді де белгілі европалық жоғары оқу орнында оқу курсын сәтті оқып шығуымызға, ғылыми зерттеулерімізді жан-жақты жасауымызға, және де Европаның алдыңғы қатардағы университетінен тәжірибе алмасуға жол ашқаны үшін шексіз алғысымызды білдіреміз.

    Collegium Civitas – тегі семестрлік білім ерекше және ұмытылмас әсерлермен қоса, білім қоржынымызды құнды қазыналармен толықтырды әрі кәсіби біліктілігімізді арттырып қайттық деп ойлаймыз.

    Біздің студенттер үшін шетелдік ғалымдармен бірлесе еңбек ету мен қарым-қатынаста болу өте маңызды. Өйткені, біз ғылым мен білім жүйесінің модернизациялану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Өз кезегінде біз  білім шаңырағымызды ұятқа қалдырмауға, ұстаздарымыздың сенімі мен үмітін ақтауға барынша тырысамыз. 

Әсемгүл Маймақова
Маржангүл Әлжанова
Айнаш Мәжит
Төлеген Берікболов
Руслан Тоғайбайев