Торайғыров университеті жеке жинақтау қорын іске қосты.

Эндаумент-қор құру – бүкіләлемдік тәжірибе. Оның арқасында университеттер ғана емес, қайырымдылық қорлары, кітапханалар мен музейлер де дами алады. Жеке жинақтау қоры ғылыми зерттеулерді қолдау, студенттерге шәкіртақы беру мен жаңа инфрақұрылым салуға оң септігін тигізеді.
- Ірі жоғары оқу орындарының жанынан эндаумент-қорлардың ашылуы туралы мысалдар жетерлік. Мәселен, Гарвард университетінің қорында шамамен 40 миллиард доллар бар. Қор университеттердің түрлі бағдарламаларына қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді. Студенттердің шәкіртақылары мен зерттеулер де бар. Эндаумент-қор ЖОО-ны дамытуға инвестициялар тартады. Бизнес орта университет мықты болған сайын мамандардың даярлығы да мықты болатынын түсіну керек. Сондықтан, бұл қоғам үшін маңызды үрдіс, - дейді Торайғыров университетінің заң кеңесшісі Искандер Сұлтанов.
Айта кетейік, Торайғыров университеті - халықаралық қаржы орталығы базасында өз эндаумент-қорын іске қосқан еліміздегі екінші ЖОО.
- Торайғыров университеті өзінің қорын «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында тіркеді. Бұл қаржыны жинақтап, басқаруға қосымша мүмкіндік береді. Қор Торайғыров университетінің менеджментіне бағынышты болатын ұйым емес екенін түсінген жөн. Бұл – әр түлек өзі түлеп ұшқан шаңырағын дамытуға қатысуға берілетін мүмкіндік, дәліз. Осы бағытта университеттің дамуына және қазіргі студенттердің дамуына үлкен мүмкіндіктер ашылады, - деп атап өтті Торайғыров университеті директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Өтешев.
- Эндаумент-қор құру Торайғыров университетінің дамуына күш береді. Қор ешкімге бағынбай, тәуелсіз жұмыс істейтініне кепілдік бере аламын. Оның басты мақсаты – оқу орнымыздың ғылыми қызметі мен оқу жағдайларын жақсарту. Қорға ашық ұжымдық орган басшылық етеді, - дейді ЖОО ректоры Еркін Садықов.
Эндаумент-қор жиналған қаржыны көбейту міндеттерін алады. Құрылым инвестор немесе тең құрылтайшы ретінде түрлі жобаларға қатыса алады. Сонымен қатар, халықаралық қарым-қатынастарды дамыту, коммерциялық емес жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру, әзірлеу, концерттер, көрмелер және семинарларды ұйымдастыру бағыттары бойынша жұмыс істей алады. Қор бірінші кезекте альма-матердің дамуына бейжай қарамайтын Торайғыров университетінің түлектеріне сенім білдіреді. Олардың қатарында оқу орнының дамуына қызығушылық білдірген бизнес өкілдері болуы мүмкін.

Сонымен қатар, директорлар кеңесінің мүшелері №3 кампуста болды. Бұл жерде  ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бөлмелер бар. Кейін оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы, кәсіподақ ұйымының мүшелері және жастармен кездесті.