Павлодар облысында "Мықты ЖОО - мықты өңір" бағдарламасының Жол картасы бекітілді. Торайғыров университеті мен облыстық әкімдік бірлесіп атқаратын бағдарлама құрамында 26 инновациялық жоба бар.

Жол картасы инновацияларды енгізу жөніндегі облыстық ғылыми-техникалық кеңестің отырысында қаралды. ToU проректоры Нұрлан Ержановтың айтуынша, жоғары оқу орнының бағдарламасы аймақ экономикасын ғылым, білім және өндірісті интеграциялау қағидаттары бойынша интенсификациялауға бағытталған. Бұл тұрғыда Торайғыров университеті ғана емес, мемелекеттік органдар мен кәсіпорындар белсенді жұмыс атқарады.

- "Мықты ЖОО - мықты өңір" бағдарламасы Павлодар облысының 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы мен өзге ұлттық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруды тездетеді. 
Университеттің ғылыми-зерттеу қызметінің аймақ экономикасы субъектілерімен интеграциялануы мемлекеттік басқармалар,  ірі өндірістік кәсіпорындар және ШОБ тарапынан ғылыми-зерттеу және сынақ-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге тапсырыс алуға негізделеді, - дейді жоғары оқу орнының ректоры Еркін Садықов. 

Бастапқыда Торайғыров университеті түрлі сала бойынша 60 жобаны жүзеге асыруды ұсынды. Олардың басым бөлігі аймақтық мәселелерді шешуге бағытталады. Нәтижесінде Жол картасына 26 жоба енгізілді. Ең бастысы, Торайғыров университетінің ғалымдарымен бірлесіп еңбек етуге билік өкілдері мен ірі өндірістік орындар мен кәсіпорындар тарапынан қызығушылық бар.