Торайғыров университетінде президенттік сайлау қорытындысы бойынша TOU сарапшылар клубының отырысы өтті. 

Кездесуге модераторлық еткен ҚХА кафедрасының меңгерушісі Арман Ақышев сайлау еліміздегі негізгі саяси оқиғалардың бірі екенін атап өтті. Шараға спикер ретінде Торайғыров университетінің саясаттанушылары Борис Поламарчук, Мейрамгүл Алтыбасарова және Ғани Елмұратов қатысты. 

- Сайлауға қатысу көрсеткіші орташа есеппен шамамен 70%, бұл өткен жылдарға қарағанда төмендеу. Айта кетейік, 2010 жылдан бері өткен сайлаулардың барлығы кезектен тыс. Халықтың қатысу статистикасына қарасақ, халық саны қатысу көлемінің көрсеткіші емес. Мәселен, Алматы облысында халықтың келу көрсеткіші 72,1%, ал Павлодар облысындағы көрсеткіш - 77%. Нәтиже өзге өңірлерге қарағанда жоғары. Бұл, сонымен қатар, «бәріне қарсымын» графасы қосылған алғашқы сайлау, - дейді Аккредитация және сапа менеджменті жүйесі кеңсесінің бастығы Серік Ілиясов. 

Әлеуметтік ғылымдар магистрі Борис Поламарчук өз баяндамасында сайлаудың статистикалық мәліметтеріне тоқталды. 2019-2022 жылдар аралығында өзгерістер орын алып жатыр.  Бұл өзгерістер Қазақстан тұрақтылыққа мән беретінін көрсетеді, сондықтан, сайлауда осындай нәтижелерге көз  жеткізіп отырмыз. Магистр халықтың саяси сауаттылығы жоғарылап жатқанын атап өтті. 

Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат кафедрасының профессоры Мейрамгүл Алтыбасарова Қазақстанда сайлау кезінде жұмыс істеген халықаралық байқаушылар туралы сөз қозғады. Саяси науқан барысында 641 шетелдік сарапшы болды. 10 халықаралық ұйым 532 байқаушысын жіберді. Еліміз бойынша саяси партиялар атынан 15 мың және қоғамдық ұйымдар тарапынан 30 мың адам қызмет атқарды. Профессор бірнеше пікірді мысалға келтірді. ШЫҰ-ның бас хатшысы Чжан Мин сайлау демократиялық негізде өткенін атап өтті. АҚШ атынан тәуелсіз байқаушылар миссиясының төрағасы Уильям Вайц ҚР мен АҚШ сайлауларының өзгешеліктеріне тоқталды. Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары Омар Коджаман кезектен тыс сайлау ашық және бәсекеге қабілетті негізде, ұлттық заңнама мен халықаралық стандарттарға сай өткенін жеткізді.