Торайғыров университетінде заң тақырыбына арналған «ToU хабаршысының» алғашқы номері жарық көрді.

Жаңа журнал тарих, мемлекет теориясы және құқық кафедрасының базасында шығады. Студенттер мен оқытушылардан бөлек әділет, құқыққорғау органдарының мамандары мақала авторы бола алады. 

-«Заңгер мамандығын таңдағандар үшін журнал үлкен қолдау болмақ. Әр шығарылымда жергілікті әділет және полиция департаменті мамандарының материалдары жарияланады. Бұл тәжірибе алмасу мен заңгерлік саладағы ғылыми қызметті дамытуға зор үлесін қосады деп ойлаймын», - дейді Торайғыров университетінің ректоры Еркін Садықов.

Заңгерлік хабаршының бірінші шығарылымы Павлодар облыстық Әділет департаментінің деңгейінде енгізілген жаңашылдықтарға арналған.  Мекеме басшылығы бұл хабаршыны басып шығаруға қолдау білдірді. Сондықтан, журналдың алғашқы номері департамент басшысы Маржан Имятоваға табысталды. 

- Жаңа журналды шығаруға ат салысқандардың барлығына алғыс айтамын.  Торайғыров университеті бұл күнді көп күткенін білемін. Болашақта біздің әріптестер бұл басылыммен тығыз қарым-қатынаста болады, - дейді Маржан Имятова. 

«ToU хабаршысы» жылына төрт рет шығарылады. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері, құқық саласындағы өзекті мәселелер туралы материалдар жарияланып отырады.