Торайғыров университетінде «XXII Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Ауқымды шара қазақтың атақты ғалымы, геология-минерологиялық ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, КСРО Ғылым Академиясының академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың құрметіне арналды. 

 

Қонақтарды ЖОО ректоры Еркін Садықов пен Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қарсы алды. 

- Бүгінгі күні аймақтық экономиканы дамыту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ол үшін мемлекеттік құрылымдар, бизнес пен ғылыми қауымдастық бірлесу керек. Тек осындай бағыттар арқылы ғылыми зерттеулердің қолданбалы сипатын арттырып, оларды коммерцияландыра аламыз. Сонда ғана қоғамға пайдасын тигізеді, - дейді Әбілқайыр Сқақов. 

Ғылым күні аймақ басшысы еңбегі сіңген ғалымдармен кездесті. Ал мектеп оқушылары медициналық маскаларды қайта өңдеу, шыбын-шіркейлерді жоятын модуль-құрылғы, робот-психолог пен «Kanysh» ғарыштық аппараты жобаларын ұсынды. 

Әмірәли Әлкенев пен Жахангир Балтабай адамның эмоционалдық жағдайын анықтай алатын робот-психологты таныстырды. 

Ярослава Кравчуктың «Kanysh»  аппараты кометалар мен астероидтерден алынған мұзды балқытып, су электролизінің көмегімен жасыл сутегі отынын өндіруге арналған. Оқушының жобасы NASA тарапынан жоғары бағаға ие болды. Оған оқуға грант ұсынылды. 

Аружан Халикова, Әсем Қабдулла және Ислам Әбдірахманов медициналық маскаларды қайта өңдеп, орындықтарға арналған отырғыш жасап шығарды. 

- Біз технологиялық өзгерістер заманында өмір сүреміз, сондықтан, кәсіби мамандардың зияткерлік жұмылуы бойынша күш біріктіруіміз керек. Ғалымдарымыздың еңбегі, студенттер мен оқушылардың жобалары қоғам үшін жұмыс істеу керек. Сонда ғана жаңа жағдайларға бейімделе аламыз. Сәтбаев оқулары ғылыми әзірлемелер мен жаңа идеяларды генерациялаудың бастапқы нүктесі болады деген сенімдемін, - дейді Еркін Садықов. 

Еске салсақ, конференцияға 45 секция мен 8 ғылыми бағыт бойынша 1200-ге жуық мақала түсті. Қазақстан өңірлерінен келген қатысушылардың еңбектері 22 томдық жиынтық болып басылып шықты.