Торайғыров университетінде кәсіпкерлік палатасының өкілдері, фермерлер мен әкімдік өкілдері аграрлық өндіріс, ғылым мен білім интеграциясын талқылады. 

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов өсімдік және мал шаруашылығындағы қайта өңдеу саласының әлеуетіне тоқталды. Сонымен қатар, аймақта елді мекендерде топырақ эрозиясымен күресу және жем-шөп аумақтарын дамыту шаралары қолға алынатынын жеткізді. 

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуақасов  аграршыларға арналған тегін семинарлар туралы айтты. Шараларға Голландия, Германия, Польша елдерінің сарапшылары қатысып, субсидиялау, жеңілдетілген несие, инвестициялық жобалар туралы кеңінен мағлұмат беріледі. 

Ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің деканы Тоқтар Бексейітов  ауыл шаруашылығы салаларына арналған келісімшарттық тақырыптарды ұсынып, мал шаруашылығын қаржыландыруға бағытталған төрт жобамен таныстырды. 

Жиын қорытындысы бойынша тараптар қой шаруашылығы бойынша облыстық қауымдастық құруға уағдаласты.