Торайғыров университетінде Рақымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына арналған "Қазақ халқының батырлары" атты дөңгелек үстел өтті. 

- Бұл жай ғана есімдер емес. Бұл батылдықтың, қаһармандықтың және Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің символы.  Рейхстагта жеңіс туын көтерген Қошқарбаев пен Ұлы Отан соғысы майданында әскерилерді шебер басқарған Нұрмағамбетовтың есімдері Қазақстан тарихына енді. Бүгінде әлем жаңа өмір табалдырығында тұрғанда, ата-бабаларымыздың ерліктерін есте сақтау аса маңызды, - деп атап өтті ЖОО ректоры Еркін Садықов. 

Сонымен қатар, Павлодар облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев пен Павлодар облысының "Қорғаныс істері жөніндегі департаменті" РММ басшысы Бекзат Оразов баяндама жасады.

Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен этнографиясы ҒПО директоры, филос. ғ.к. Амантай Құдабаев "Жеңіс туы" тақырыбын көтерді. Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Аслан Азербаев тарихи тұлғалар туралы айтып берді, ал Қазақстан тарихы кафедрасының постдокторанты, PhD докторы Мәди Рахимов "Қазақ халқының құрметті ұлы – Сағадат Нұрмағамбетов" тақырыбына тоқталды.